Жетісу облысындағы медициналық ұйымдарға 29 санитарлық көлік табысталды
ТАЛДЫҚОРҒАН.KAZINRORM - Жаңа автокөлік кілті Ақсу, Алакөл, Ескелді, Кербұлақ, Көксу, Панфилов, Сарқан, Қаратал аудандық орталық ауруханаларына, соның ішінде ауылдық медициналық мекемелерге, Талдықорған қалалық емханасына, Талдықорған қалалық көпсалалы ауруханасына, облыстық көпсалалы клиника мен облыстық фтизиопульмонологиялық орталыққа табысталды.
- Халықтың денсаулығын сақтау, медициналық қызметті дер кезінде көрсетуге жағдай жасау, оның қолжетімділігі мен сапасын арттыру – біздің басты міндеттеріміздің бірі. Бүгін өңірлердегі медицина мекемелеріне санитарлық автокөліктердің кілтін тапсырамыз. Былтыр да 29 жедел жәрдем көлігін мекемелерге берген едік. Алғашқы медициналық көмектің сапасын арттыруға қолдау көрсетуді бұдан әрі де жалғастыратын боламыз, - деді аймақ басшысы Бейбіт Исабаев.
Атап өтсек, биыл облыста 94 медициналық нысан іске қосылмақ. Оның 59-ы “Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту” Ұлттық жобасы шеңберінде берілсе, алғашқы медициналық-санитарлық көмек желісін кеңейту үшін ауылдық жерлерде 27 блокты-модулді нысан тұрғызылмақ. Сондай ақ, Талдықорғанда жаңа заманауи онкологиялық орталық салынады.
Ал, шалғай ауылдардағы жас мамандарды қолдау үшін оларға 10 миллион теңге көлемінде бір реттік көтермеақы беріде басталды. Бүгінде Алакөл, Сарқан аудандары мен Талдықорған қаласына келген 5 маман сыйақы алып үлгерді.
Айта кетейік, биыл еліміздегі 10 570 жас дәрігер оқуын тәмамдап, диплом алғаны жайлы жазған едік.