Жетісу облысының екі ауданында 300 шақырымнан астам суару желілері қалпына келтіріліп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM - Жетісу облысының Ақсу ауданында суару желілерін реконструкциялау жобасы жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды ҚР Су ресрустары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметі.

Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Жоба аясында 37,8 шақырым канал жаңартылып, 170 гидротехникалық нысан салу көзделген. Нәтижесінде 11 548 гектар ауыл шаруашылығы алқабына су жеткізу жақсарады деп жоспарланып отыр. Құрылыс-монтаж жұмыстары кезең-кезеңімен сегіз каналда жүргізіліп келеді: КРХ-1-1-1, «Ойтоған», «Қаратоған», «Алтынарық», «Сол жағалау», 1РХ, «Танеке» және ВРХ-1.

Көксу ауданында да суару жүйелерін реконструкциялау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жоба 15 537 гектар суармалы жерге су жеткізуді жақсартуға мүмкіндік береді. Жоба аясында 266,4 шақырым канал қайта жөнделіп, 1 099 гидротехникалық нысан салу қарастырылған. Қазіргі уақытта жұмыстар Р-1-1, «Жекмет», Р-3-4, «Ақшатоған», «Нұрабай», «Орта Арық», «Мәмбет» және «Бақытжан» каналдарында жүргізіліп жатыр.

Көксу ауданындағы жоба екі кезеңде жүзеге асырылу үстінде. Бірінші кезең бойынша жұмыстарды биыл аяқтау жоспарланған.

-Бұл жобаларды іске асыру су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту арқылы суармалы жерлерді сумен қамтамасыз ету тиімділігін арттыруға бағытталған. Сонымен қатар бұрын ауыл шаруашылығы айналымынан шығып қалған жерлерді қалпына келтіріп, оларды қайтадан экономикалық айналымға енгізу қарастырылған. Бұл ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін арттыруға, шаруалар табысын арттыруға және өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға ықпал етеді деп күтіліп отыр, - деді «Қазсушар» РМК-ның Жетісу облысы бойынша филиалының директоры Медет Керімжанов.

Осыған дейін Түркістан облысында нөсер салдарынан көпірлерді су шайып, 81 адам эвакуацияланғаны туралы жаздық,