Ауқымды жиынға ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайхан, Жетісу облысы әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев, құқық қорғау органдарының өкілдері, шетелдік және отандық жоғары оқу орындарының ғалымдары, сарапшылар мен зерттеушілер қатысты.
Халықаралық конференция қоғамдағы өзекті мәселеге айналған лудоманияның әлеуметтік, құқықтық, психологиялық және медициналық қырларын кешенді түрде талқылауға арналды. Бүгінде құмар ойындарға тәуелділік жеке адамның ғана емес, тұтас қоғамның тұрақтылығына әсер ететін күрделі әлеуметтік құбылыс ретінде бағалануда. Әсіресе жастар арасында кең таралуы отбасы құндылықтарына, қоғамдық санаға және қаржылық тұрақтылыққа елеулі қауіп төндіруде.
— Соңғы жылдары мемлекет деңгейінде бұл мәселеге ерекше назар аударылып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы Ұлттық құрылтайда құмар ойындарға тәуелділіктің қоғамға тигізетін зардаптарын атап өтіп, жастарды мұндай қауіптен қорғау, алдын алу тетіктерін күшейту және жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды жүйелеу қажеттігін көтерген болатын. Ал 2024 жылғы Қауіпсіздік кеңесінде лудомания мәселесі қоғамдық қауіпсіздік пен әлеуметтік тұрақтылыққа ықпал ететін факторлардың бірі ретінде қарастырылып, мемлекеттік деңгейде кешенді шараларды күшейту міндеті қойылды. Осы тұрғыдан алғанда Жетісу жерінде өткен халықаралық конференция мемлекеттік саясат пен ғылыми ізденісті ұштастырған маңызды алаңға айналды, — делінген хабарламада.
Пленарлық мәжілісте ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің құттықтау хатын Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайхан оқып берді. Құттықтауда:
— Бүгінде лудомания және аддиктивті мінез-құлықтың өзге де түрлері тек медициналық немесе жеке мәселе аясынан шығып отыр. Бұл — қоғамдық денсаулық, отбасы әл-ауқаты, азаматтардың қаржылық тұрақтылығы, цифрлық ортаның қауіпсіздігі, жастар тәрбиесі, құқықтық мәдениет және мемлекеттік реттеудің тиімділігі мәселелерін қамтитын күрделі әлеуметтік құбылыс. Конференция халықаралық тәжірибені зерделеп, ойынға тәуелділікке қарсы іс-қимылдың тиімді жолдарын айқындайтын маңызды алаңға айналады деп сенемін, — делінген.
Конференция аясында лудомания тақырыбына арналған ғылыми монографиялардың тұсаукесері өтті. Атап айтқанда, Ермек Бөрібаев пен Жанна Хамзинаның редакциясымен жарық көрген «Құмар ойын бизнесін мемлекеттік реттеудің халықаралық тәжірибелері мен лудоманияның алдын алу шараларын кешенді зерттеу» («Комплексное исследование международных практик государственного регулирования игорного бизнеса и мер по предупреждению лудомании») және «Қазақстандағы лудомания мен ойын бизнесіне кешенді пәнаралық талдау» («Комплексный междисциплинарный анализ лудомании и игорного бизнеса в Казахстане») атты ғылыми еңбектер көпшілікке таныстырылды. Зерттеулерде құмар ойындарға тәуелділіктің себептері мен салдары, халықаралық реттеу тәжірибелері және алдын алу тетіктері кешенді түрде сараланған.
Айта кету керек, халықаралық конференция ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруы аясында жүзеге асырылып жатқан BR24992927 «Қазақстандағы лудоманияны интегративті зерттеу және оны азайтудың көпсалалы стратегиялары» ғылыми бағдарламасы, сондай-ақ ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен және Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы КЕАҚ қатысуымен іске асырылатын «Қазақстан жастары арасында лудоманияның алдын алу бойынша кешенді шаралар» жобасы шеңберінде ұйымдастырылды.
Жетісу төрінде өткен халықаралық басқосу ғылыми қауымдастық, мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам өкілдерінің күш біріктіруі арқылы лудоманияға қарсы күрестің жаңа бағыттарын айқындаған маңызды диалог алаңына айналды.
Айта кетейік, бұған дейін құмар ойынға тәуелділер есепке алынбау үшін айласын асырып жүргенін жаздық.