Жетісудың шалғай ауылдарына ауызсу қашан жетеді

Фото: Айбек Құттыбек/Kazinform

ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM- Жетісу облысының шығыс жақ шеткі аудандарының бірі – Алакөл. Биыл аудандағы Лепсі, Қоңыр сияқты тау етегіндегі ауылдарға су құбырын тарту жұмыстары басталады.

Қазір Алакөл ауданында ауызсуды шанамен тасып ішіп отырған ауылдар бар. Сөзіміздің дәлелі – Лепсі ауылы. Ондағы тұрғындары 50-60 жылдан бері күнделікті тұтынатын таза суды көше бойында тоқтаусыз ағып жатқан құдық- құбырдан алады.

Биыл осындай бірнеше ауылға су желісін тарту, монтаждау, жаңарту жұмыстары жүргізілмек. Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Алакөл ауданында 56 елді мекеннің 48 - іне орталықтандырылған ауыз су жүйесі тартылған. 2025 жылы Лепсі, Қоңыр ауылдарында су жүйесінің құрылысы басталса, Теректі ауылында жаңғыртудың 2-ші кезеңі жалғасады.

- Лепсі ауылын орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Жобада 49,4 км сумен жабдықтау желілерін, 2 сорғы станциясы мен 2 резервуар, сондай-ақ трансформаторлық қосалқы станция, дизельді электр станциясын салу көзделген. Бүгінгі таңда мердігер ұйым анықталды. Құрылыс-монтаж жұмыстарын ауданның ауа райы жағдайын ескере отырып, сәуір айында бастау жоспарланып отыр, - деді облыстық Энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасы.

Айта кетейік Алакөл ауданында өткен жылы Бибақан ауылы орталық ауыз су жүйесіне қосылса, Теректі, Көктұма, Екпінді ауылдарында су желісіне жаңғырту жүргізілген. Тоқжайлау ауылында құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды, қазір су жүйесін тексеру және іске қосу жұмыстары жұмыстары жалғасып жатыр. Жалпы облыста 2025 жылдың аяғына қарай орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілген елді мекендер саны 331-ге жетеді деген жоспар бар.

Еске салайық осыған дейін Жетісу өңірінде ауыл тұрғындары қаржы жинап, көпір салғанын жазғанбыз.