ЖИ әлеміне саяхат: Астанадағы «Толқындық серпіліс» музейі

АСТАНА. KAZINFORM — Жасанды интеллект күнделікті өмірімізге дендеп еніп келеді. Біріміз оны мәтін жазуға пайдаланамыз, енді біріміз сурет салып, бейне жасауға жүгінеміз. Ал бұл технологияның қалай жұмыс істейтінін өз көзіңмен көріп, мүмкіндіктерін сынап көруге бола ма?

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Елордадағы Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығында орналасқан «Толқындық серпіліс» музейі осыған жол ашады. Мұнда технологияның қыр-сырын танып қана қоймай, өз фильміңе постер мен трейлер әзірлеп көруге де болады.

Музейге жұмыс күні барғанымызда, бір сағат ішінде 50-ге жуық келушіні кездестірдік. Ал қызметкерлердің айтуынша, мамыр айынан бері 50 мыңнан астам адам келген.

«Толқындық серпіліс» музейінде жасанды интеллектінің мүмкіндіктері қалай таныстырылады? Kazinform тілшісі танысып қайтты.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Иммерсивті туннель: жасанды интеллект әлеміне қадам

Музейге келушілер алдымен иммерсивті туннельден өтеді. Бұл кеңістік адамның әрбір әрекеті цифрлық із қалдыратынын аңғартады. LED-экранда жасанды интеллектінің жұмыс үдерісін бейнелейтін кодтар мен сандар тізбегі көрсетілген. Ал камералар келушілердің қимыл-қозғалысын экранға түсіреді. Осылайша, туннель қонақтарды болашақтың атмосферасына енгізіп, жасанды интеллект әлеміне жетелейді.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

«Толқынды серпіліс»: жасанды интеллект тарихы

Туннельден кейінгі алғашқы зал «Толқынды серпіліс» деп аталады. Мұнда технологияның дамуына үлес қосқан ғалымдар мен көрнекті тұлғалар туралы мәлімет алуға болады. Арнайы 12 бөлімнен тұратын экспозияция бар.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Сондай-ақ музейде алғашқы есептеу құралдарының бірі – абак пен 1977 жылы шыққан Apple II дербес компьютері сияқты тарихи құрылғылар қойылған. Бұл технологиялық жетістіктер жасанды интеллектінің қалыптасу тарихын таныстырады.

Залдағы ерекше экспонаттардың бірі – ELIZA чат-боты. 1966 жылы жасалған бұл бағдарлама алғашқы диалогтік жүйелердің қатарына жатады. Ол пайдаланушының мәтініне жауап беріп, әңгімелесушінің көңіл күйін анықтауға тырысады. Келушілер пернетақта арқылы чат-ботпен тілдесіп, оның мүмкіндіктерін сынап көре алады.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

AI Cinema: өз фильміңізді жасап көріңіз

Келесі аймақ – AI Cinema. Мұнда жасанды интеллект көмегімен жасалған бейнематериалдар үш тілде көрсетіледі. Кинотеатрда Higgsfield компаниясының жұмыстары да таныстырылады.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Бұл компанияның Text-to-Video технологиясы мәтін негізінде бейне жасауға мүмкіндік береді. Музей қызметкерінің айтуынша, мұндай технология әлемнің үш елінде – Қытай, Ұлыбритания АҚШ пен Қазақстанда дамып келеді.

Сонымен қатар залда AI Poster деп аталатын екі интерактивті инсталляция да орналасқан. Олардың көмегімен келушілер өз фильмінің постері мен трейлерін жасайды. Ол үшін фильмнің жанры мен визуалдық стилін таңдау жеткілікті.

Этика аймағы: жасанды интеллект қай салаларда қолданылады?

Бұл аймақ жасанды интеллектінің қоғам өміріне және түрлі кәсіби салаға ықпалын таныстырады. Алғашқы инсталляция «Адам үшін жасанды интеллект кім?» деген сұраққа негізделген. Ол бес сауалдан тұратын тест арқылы келушілерге өздерінің жасанды интеллектіге деген көзқарасын бағамдауға мүмкіндік береді.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Сондай-ақ мұнда әлеуметтік сала, экономика және саясаттағы жасанды интеллектінің ықпалы туралы ақпараттық тақталар бар. Келушілер тақырыптармен танысып, сұрақтарға жауап беріп, өзара пікір алмаса алады.

AI Technology: технологияның ішкі әлемі

Музейдің негізгі аймақтарының бірі – AI Technology. Мұнда ChatGPT, Gemini секілді чат-боттардың сұрақтарды қалай өңдеп, жауап құрастыратынын түсіндіретін инсталляциялар орналасқан.

Интерактивті құрылғылардың бірі адамның бет-әлпетіне қарап, көңіл күйін анықтауға тырысса, екіншісі сөйлеген сөзді, экранға мәтін түрінде шығарады.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Тағы бір инсталляция адам миының құрылымы мен жұмысын таныстырып, оның биологиялық жүйесі мен жасанды нейрондық желілердің ұқсастықтары мен айырмашылықтарын түсіндіреді.

Машиналық оқытуға арналған тапсырмалар да келушілердің назарын аударады. Арнайы ойындар арқылы суреттің адам қолынан шыққанын немесе жасанды интеллект көмегімен жасалғанын ажыратуға болады. Осылайша, күрделі технологияның негізгі қағидалары интерактивті форматта түсіндіріледі.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Ал тағы бір құрылғы адам мен жасанды интеллектінің сөйлеу ерекшеліктерін салыстыруға үйретеді. Чат-ботпен тілдескеннен кейін келушілер әңгімелесушінің адам немесе бағдарлама екенін анықтап көреді.

Smart City: болашақ қаласы қалай жұмыс істейді?

Музейдегі Smart City инсталляциясы болашақ қаланың келбетін таныстырады. Ол үш бағытты қамтиды: Smart Mobility – ақылды көлік жүйесі, Smart Energy – энергияны тиімді пайдалану және Smart Safety – қалалық қауіпсіздік.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Экспозицияда көлік қозғалысын ұйымдастыру, энергияны басқару және қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері қамтылған.

Бұдан бөлек, медицина, экология, астрономия және қаржы салаларына арналған төрт интерактивті инсталляция бар. Әрқайсысында осы салаларға қатысты ойындар мен қысқа бейнематериалдар ұсынылған.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Роботтар аймағы: технология мен өнер тоғысқан сәт

Robo Zone аймағында әртүрлі роботтардың мүмкіндіктері таныстырылады. Олар белгіленген кесте бойынша сағат 10:30-дан бастап әр екі сағат сайын шағын қойылым көрсетеді.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Мұнда екі робот қазақтың «Қара жорға» биін билесе, тағы бірі қол қимылдары арқылы жүрек пішінін бейнелейді. Ал ит робот сальто жасап, әсіресе балалардың қызығушылығын оятады. Роботтардың өнерін тамашалауға жиналған көрермен де көп.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Kid Zone: балаларға арналған интерактивті кеңістік

Музейдің Kid Zone аймағында балаларға арналған түрлі ойын мен шығармашылық тапсырма бар. Мәселен, балалар доп лақтырып, жасанды интеллект жүйесіне шабуыл жасайтын виртуалды вирустарды жояды.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Бұдан бөлек, балалар өз суреттерін салып, оны жасанды интеллект көмегімен экранға шығара алады. Сондай-ақ суретке түсіп, ЖИ арқылы өздерін түрлі мамандық иесі ретінде көре алады. Дайын суретті жүктеп алу мүмкіндігі де бар.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Бұл аймақ балалардың қиялы мен шығармашылығын дамытып, жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін ойын арқылы таныстырады.

Болашақ мамандығын таңдауға көмектесетін тест

Музейде болашақ мамандықты таңдауға бағытталған интерактивті тест де бар. Ол 15 сұрақтан тұрады және адамның қай салаға қызығатынын анықтауға көмектеседі. Әсіресе оқушылар үшін бұл тапсырма өз бейімділігін байқап, болашақ кәсібі туралы ойлануға мүмкіндік береді.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Іс-шаралар мен стартаптар алаңы

Event Zone деп аталатын арнайы кеңістік те бар. Мұнда түрлі іс-шаралар мен жобалардың таныстырылымы өтіп, жастар түрлі елдердің басшыларымен және әр сала өкілдерімен кездеседі.

Ал «Panterra» арт-нысаны — адам мен жасанды интеллектің өзара байланысын бейнелейтін бірегей инсталляция. Оның айналасында және төменгі жағында бірнеше экраннан тұратын интерактивті жүйе орналасқан. Бұл мониторлар күнделікті режимде Astana Hub резиденттерінің жобалары туралы ақпарат берсе, іс-шаралар кезінде жаңа презентацияларды көрсету үшін қолданылады.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Тізбектей берсек, музейде мұндай залдар мен интерактивті құрылғылар көп. Олардың әрқайсысына жеке тоқталсақ, бір мақалаға сыймасы анық. Сондықтан қалған қызықты экспозицияларды өздеріңіз аралап көріп, жасанды интеллектінің мүмкіндіктерімен жақынырақ таныса аласыздар.

Айта кетейік, музейдің жұмыс уақыты мен билет бағасы ресми сайтында көрсетілген.