Мектеп оқушылары алдында сөз сөйлеген сарапшы осыдан 44 жыл бұрын неліктен өмірін жасанды интеллект саласына арнауды шешкенін түсіндірді.
— 44 жыл бұрын ЖИ бойынша аспиарнтураға түсуге өтініш бердім. Сол кезде өтінішімде «Жасанды интеллект — адамзаттың өзін-өзі тануға жасаған соңғы қадамы» деп жазған едім. Мен бұл сенімімнен жасанды интеллектіге қызығушылық төмендеген екі кезеңде айныған жоқпын. Біздің буын қазіргі ЖИ негізін қалады. Ал осы іргетастың адамзатты қайда бастайтынын айқындау — сіздердің буындарыңыздың еншісінде, — деді ол.
Ашылу салтанатында Ли Кай Фу олимпиада қатысушыларына келешекке қатысты үш кеңес айтты.
— Біріншіден, жаңа дүниені мүмкіндігінше тез үйренуге ұмтылыңыздар. Бұл сала көз ілеспес жылдамдықпен дамып келеді. Осында келулеріңізге себеп болған қабілеттеріңізді мүлде жаңа құзыреттерді меңгеруге пайдаланыңыздар. Әр жетістікті жаңа оқу кезеңінің бастауы ретінде қабылдаңыздар. Білім ескіреді, ал білуге құштарлық мәңгі қалады, — деді халықаралық сарапшы.
Сондай-ақ Ли Кай Фу оқушыларға ЖИ-ді өз ойлау қабілетінің орнын басатын құрал емес, гипотезаларды тексеруге және жаңа шешімдер табуға көмектесетін зияткерлік серіктес ретінде пайдалануға кеңес берді.
— ЖИ-ді өз ойларыңызды алмастыратын құрал емес, зияткерлік серіктес ретінде қолданыңыздар. Оған өз ақыл-парасаттарыңызға лайық сұрақтар қойыңыздар. Бірге гипотезалар ұсыныңыздар. Кез келген болжамға — өздеріңіздің де, ЖИ-дің де тұжырымдарына күмәнмен қараңыздар. Сонда сіз де, ЖИ де жеке-дара қол жеткізе алмайтын қорытындыларға бірге келе аласыздар, — деді ол.
Сөз соңында ғалым жас зерттеушілерді ЖИ технологияларын қолдануда жауапкершілікті өз мойнына алуға шақырды. Оның пікірінше, оқушылар ЖИ-ге қандай міндет жүктелетінін өздері анықтап, оның жұмысының салдарын бағалай білуі керек.
— ЖИ агенттерін басқарыңыздар. Олардың алдына мақсат қойыңыздар. Шектеулерді белгілеңіздер. Нәтижелерін бағалаңыздар. ЖИ жүйелері жұмысты орындай алады, бірақ ол үшін жауапкершілік ала алмайды. Өзіңіз үшін шын мәнінде маңызды міндеттерді таңдаңыздар және қателіктердің ықтимал тәуекелі мен салдарын түсініңіздер, — деді ол.
Шетелдік сарапшының айтуынша, олимпиадаға қатысушылардың көбі университетті аяқтағанша ЖИ модельдері бір ғана дұрыс жауабы бар тапсырмаларды адамдардан әлдеқайда жақсы орындайтын деңгейге жетеді.
— Араларыңыздағы кейбіреулер 25 жасқа жеткенде, бүгінгі күні ірі компаниялардың өзінде жоқ есептеу қуатына қол жеткізеді. Мәселе ондай мүмкіндіктің болуында емес. Ең маңыздысы — оны қандай мақсатқа жұмсайтындарыңыз. Жетістіктеріңізді мақтан тұтыңыздар. Бірақ өз болмыстарыңызды «бөлмедегі ең ақылды адаммын» деген түсінікке негіздемеңіздер. Өйткені көп ұзамай бұл атаққа машина да лайық болуы мүмкін. Оның орнына тұлғаларыңызды қоятын сұрақтарыңыз, көз алдарыңызға елестететін болашақ және өз мойындарыңызға алуға дайын жауапкершілік арқылы қалыптастырыңыздар. Сіздер ЖИ дәуіріне жай ғана қадам басқан жоқсыздар, оның қандай болатынын айқындау міндеті де сеніп тапсырылып отыр. Сондықтан бұл дәуірді ақылды ғана емес, адамгершілігі мол дәуірге айналдырыңыздар, — деп түйіндеді ол.
Айта кетейік, Астанада өтіп жатқан ЖИ олимпиадасына 106 елдің командасы жиналды.
Бұған дейін Қазақстанның спорттық бағдарламалау федерациясының президенті Бағдат Мусин IOAI-2026 олимпиадасы болашақ технологиялық көшбасшылар мен кәсіпкерлерді тәрбиелеуге ықпал ететінін айтқан еді.