Отырыс қорытындысына орай баспасөз мәслихаты ұйымдастырылады. Онда тілшілер тарапынан туындайтын сауалдарға мына спикерлер жауап береді:
- Жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкин;
- Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Бахтияр Мұхаметқалиев;
- Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Дархан Мырзабаев;
- Қаржы вице-министрі Әсет Тұрысов.
Үкімет отырысының тікелей таратылымы PrimeMinister.kz сайтында, YouTube ресми арнасында, Facebook әлеуметтік желісінде, сондай-ақ UKIMET Telegram-каналында жүреді.
Айта кетейік, биыл 10 маусымда Мемлекет басшысы 2029 жылға дейінгі «Digital Qazaqstan» ауқымды цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын енгізудің жалпыұлттық стратегиясын бекіту туралы Жарлыққа қол қойды. Стратегия алдағы жылдарға арналған елдің технологиялық дамуының басты құжатына айналады және жаһандық цифрлық трансформация жағдайында мемлекетті, экономика мен қоғамды терең жаңғыртудың жаңа кезеңін айқындайды.
Бүгінгі таңда Қазақстан өңірде Үкіметтердің жасанды интеллектіге дайындық индексі бойынша бірінші орында тұр және электрондық үкіметтің даму деңгейі бойынша әлемдік лидерлер тобына кіреді. Соңғы жылдары ел цифрлық мемлекеттің берік іргетасын қалыптастырды, ал бүгінде өз дамуының жаңа парағын ашып, өршіл міндет қойып отыр - қазіргі әлемдік практикада ЖИ-ді өмірдің барлық салаларына басқалардан тезірек енгізетін мемлекеттер лидерге айналуда, сондықтан елімізде жаһандық өзгерістерге бейімделу ғана емес, оларды өз бетінше қалыптастыру да жүргізіліп жатыр.
Жаңа Стратегия бұл тәжірибені жүйелеуге және оны барлық негізгі салаларға ауқымдауға бағытталған. ЖИ-ді жаппай енгізу, өнеркәсіпті, жер қойнауын пайдалануды, логистика мен энергетиканы цифрландыру 2029 жылдың соңына қарай жылына орта есеппен 1,5 пайыздық тармақ деңгейінде ЖІӨ-ге қосымша үлес қосады, ал үш жылдық кезеңдегі салыстырмалы нарықтық инвестициялардың болжамды көлемі 10,5-тен 16,5 миллиард АҚШ долларына дейін жетеді.
Естеріңізге сала кетсе, өткен аптадағы Үкімет отырысында күн тәртібіне шығарылған негізгі мәселе қаралмастан бұрын өңірлердің жылу беру маусымына дайындығы тағы бір мәрте пысықталды.
Аталған мәселе бойынша сөз алған Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев жылыту маусымы Павлодар, Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында және Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласында басталғанын атап өтті.
- Жалпы, жылу беру маусымына дайындық жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Энергия көздерінде қажетті отын қоры жинақталып, тиісті жабдықтар дайындалған. 17 мың шақырым электр беру желісіндегі жөндеу жұмыстары толық көлемде орындалды. Төрт қосалқы станциядағы жұмыстар аяқталу сатысында. Жылу желілерінің жалпы дайындығы жоспарланған 377 шақырымның 374 шақырымына немесе 99% жетті, - деді вице-министр.
Осы орайда Премьер-министр Олжас Бектенов өңір әкімдеріне жылу беру маусымына дайындық барысын жеделдетуді тапсырды.
- Бірінші кезекте әлеуметтік нысандарға, балабақшалар мен мектептерге, ауруханалар мен емханаларға жылу берілуге тиіс. Жылу беру маусымын уақтылы, белгіленген мерзімнен кешіктірмей бастау қажет. Нысандардың дайындық паспорттарын алу үшін құжаттарды тапсыру аяқталып қалды, ертең соңғы күн. Әкімдер бұл мәселені жеке бақылауға алуы керек, - деп ескертті Үкімет басшысы.
Ал күн тәртібіне шығарылған күзгі жиын-терім барысы жайлы алдымен Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов баяндама жасады.
Оның мәліметінше, 13,5 млн гектар дәнді дақыл немесе 83%-ы жиналды. Орташа өнімділік гектарына 14,7 центнерді құрап, 19,9 млн тонна астық бастырылды. Жалпы, дәнді дақылдардың жалпы түсімі көпжылдық орташа көрсеткіштерден жоғары болады деп болжанып отыр. Майлы дақылдарды жинау қарқыны артып келеді. 2,4 млн гектар алқап жиналып, 2,4 млн тонна майлы дақылдар бастырылды. Егін жинау қорытындысы бойынша майлы дақылдардың рекордтық өнімі — 5 млн тоннадан астам жиналады деп болжанады. Сондай-ақ 2,9 млн тонна көкөніс, 2,3 млн тонна бақша дақылдары және 2,5 млн тонна картоп жиналды.
- Республика бойынша астық сақтаудың жалпы сыйымдылығы 30,5 млн тоннаны құрайды. Оның ішінде лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындарында — 13,1 млн тонна, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерде — 17,4 млн тонна. Лицензияланған астық қабылдау мекемелеріне жаңа өнімнің 4,9 млн тонна астығы келіп түсті, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20%-ға көп. Сақтауға түскен жұмсақ бидай көлемінің 74%-ы жоғары сапалы бидайға жатады, 20%-ы төртінші сыныпқа жатқызылды, — деді ол.
Ал Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов астық экспортына қатысты мәліметтермен бөлісті. Вице-министр дерегінше, биыл 8 айда теміржол арқылы 9,3 миллион тонна астық тасымалданды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 13 пайызға көп. Оның ішінде экспортқа 7,2 миллион тонна, ел ішінде — 2,1 миллион тонна. Негізгі бағыттар бойынша өсім бар. Орталық Азия елдеріне тасымал 37 пайызға, Қытайға 34 пайызға өскен. Ресейдің Балтық және Қара теңіз порттары арқылы тасымал 9 пайызға артқан. Ауғанстанға астық тасымалы 4,4 есе өсіп, 655 мың тоннаға жетті.
Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев күзгі дала жұмыстарына дайындық аясында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді дизель отынымен қамтамасыз ету мәліметтеріне тоқталды.
Оның айтуынша, 2026 жылы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін 844,7 мың тонна дизель отыны бөлінді. Нақты игеру көлемі — 606 мың тоннаны немесе 72 пайыз. Бұл ретте 2026 жылғы 3 қыркүйекте ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің қажеттіліктері үшін астық пен майлы дақылдарды кептіруге қосымша дизель отынын бөлу мәселесіне қатысты өткен кеңестің қорытындысы бойынша министрлік 41,3 мың тонна дизель отынын бөлді.
- 2024 жылы мұнай өнімдерінің қозғалысын цифрландыру бойынша қабылданған шаралардың нәтижесінде 2023 жылмен салыстырғанда бөлінген көлемдер аясында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің нақты тұтынуы 729 мың тоннадан 602 мың тоннаға дейін, яғни 127 мың тоннаға немесе 21 пайызға төмендеді. Бұдан бөлек, қазіргі уақытта мнистрлікпен Шымкент мұнай өңдеу зауытында өндірілетін ауыл шаруашылығы қажеттіліктеріне арналған дизель отынын молекулалық таңбалау пилоттық жобасын іске асыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр, - деді вице-министр.
Отырысты қорытындылаған Премьер-министр егіншілерді заманауи су үнемдеу технологияларына көшуге ынталандыру тәжірибесін жалғастыру қажеттігін баса айтты.
- Жаңбырлатып суару машиналарын, ауыл шаруашылығы техникаларын алғандай, жеңілдетілген қаржыландыру шарттарымен сатып алу мүмкіндігін пысықтау керек. Бұл қажетті техникаларға қолжетімділікті арттыруға мүмкіндік береді. Өңірлер агроөнеркәсіп кешенін жүйелі түрде қолдауды жалғастырған жөн, - деді Үкімет басшысы.
Сонымен қатар Премьер-министр Энергетика министрлігінне өңір әкімдіктерімен бірлесіп, егін жинау науқаны мен астықты кептіру жұмыстары толық аяқталғанша жанармайдың үздіксіз жеткізілуін, сондай-ақ отын қорын бақылауда ұстауды тапсырды.
- Тағы бір маңызды мәселе – ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын - қалыптасқан қарқынмен жалғастыру. Жоспарланып отырған өнім көлемі ішкі қажеттілікті қамтамасыз етуге де, дәстүрлі көлемдегі өнімді экспортқа жөнелтуге де жеткілікті. Қысқы және көктемгі кезеңдерге көкөніс, әсіресе картоп қорын дайындап алу басым бағыт болып қала береді. Егін орағы кезінде қажетті көлемдерді алдын ала келісімшарт арқылы уақтылы сатып алып, сақтауға қою керек. Өңір әкімдіктері бұл мәселені бақылауда ұстап, маусымаралық кезеңде әлеуметтік маңызы бар көкөніс өнімдерінің тапшылығына және бағаның негізсіз өсуіне жол бермеуге тиіс, - деді Олжас Бектенов.
Мұнан бөлек, Үкімет басшысы:
- қазірден бастап 2027 жылғы ауыл шаруашылығы маусымын табысты өткізуге, оның ішінде оны қаржыландыруға тиісті негіз қалыптастыруды;
- «Бәйтерек» холдингіне ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді уақтылы қаржыландыруды қамтамасыз етуді;
- келесі егіс науқанына қажетті көлемде сапалы тұқым қорын қалыптастыруға ерекше назар аударуды;
- облыс әкімдіктеріне минералдық тыңайтқыштар енгізу, элиталық тұқымдардың үлесін арттыру және ауыл шаруашылығы техникасы паркін жаңарту бойынша индикативтік көрсеткіштерді қамтамасыз етуді;
- қант қызылшасын қабылдау жұмыстарын ұйымдастыруға тиісті көңіл бөлуді;
- Жамбыл және Жетісу облыстарының әкімдіктеріне қант зауыттарының өнімді қабылдауға және өңдеуге толық дайын болуынды, сондай-ақ қабылдау пункттерінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуді;
- Ауыл шаруашылығы министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, егін орағының соңына дейін ахуалға тұрақты мониторинг жүргізіп, жұмыстардың уақтылы аяқталуын және жиналған өнімнің сақталуын қамтамасыз етуді тапсырды.