ЖИ тақта мұғалімнің жазуын бір сәтте 3D-модельге айналдыра алады

АСТАНА. KAZINFORM — Шанхайдағы технологиялық көрмеде қытайлық iFlytek компаниясы қолжазба мәтінді тану және үш өлшемді графикалық модельдерді автоматты түрде жасау функциялары бар Tongchuang интерактивті мектеп панелін таныстырды. Бұл туралы 24 kg жазды.

Фото: iFlytek

Бұл құрылғы сыныптарды жабдықтау тәсілін өзгертіп, дәстүрлі бор мен маркердің орнына сенсорлы панель қолдануға мүмкіндік береді. Мұғалім математикалық теңдеуді жазған кезде, жүйе бірнеше секундтың ішінде дайын графикті құрастырады.

Егер ұстаз экранға қолмен жазық геометриялық фигура салса, кіріктірілген алгоритм оның дұрыс қырларын толықтырып, суретті экранда айналдыруға болатын көлемді 3D-модельге айналдырады.

Фото: iFlytek

Құрылғының жұмыс жүйесі бірнеше бағдарламалық құралдар кешеніне негізделген: арнайы модуль жазылған сызықтарды қабылдап, таңбаны немесе фигураны таниды, оның қай пәнге қатысты екенін анықтайды, содан кейін математикалық есептеу жүйесін немесе геометриялық модель құрастыру құралын іске қосады.

Нәтижесінде жасалған кескіндерді құру үшін тексерілген бағдарламалық код пайдаланылады. Бұл формулалар мен графиктердің жасанды интеллект тарапынан қате немесе бұрмаланып жасалу қаупін азайтады.

Мұны ойлап тапқандардың мәліметінше, осындай жүйелер Қытайдың 33 өңірінде енгізіліп жатыр. Олар 1 400-ден астам ауданның білім беру саласын қамтиды. Сонымен қатар Spark Teacher Assistant дауыстық көмекшісін шамамен 1 миллион мұғалім пайдаланады.

Құрылғының нарықтағы ұқсас технологиялардан басты ерекшелігі — процестерді толық автоматтандыруында. Мұғалімге қосымшаларды қолмен ауыстырудың немесе арнайы кітапханалардан үш өлшемді нысандарды іздеудің қажеті жоқ.

Сонымен бірге сала сарапшылары жеке деректердің қорғалуы мәселесіне назар аударып отыр. Себебі тақта камералармен және сабақтарды жазу функциясымен жабдықталған. Сондай-ақ бұл технологияның кәдімгі проекторлармен салыстырғандағы нақты тиімділігі әлі де қосымша зерттеуді қажет етеді.

Айта кетейік, Қытай адамтектес робот шығарудан көш бастап тұр.