АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстандық Жібек Құламбаева жұптық сында Астанада өтіп жатқан ITF World Tennis Tour «BeeTV 60 Women's» турнирінің финалына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық теннисші поляк қызы Мартина Кубкамен бірге жартылай финалда ресейліктер Полина Кудерметова – Анастасия Тихоновамен шеберлік байқасты.
Бірінші партияда Жібек пен Мартина 7:5 есебімен басым түсті. Олар екінші сетте де алға шыққанымен, шешуші сәттерде қателіктерге бой алдырып, мүмкіндіктерін пайдалана алмады – 5:7.
Супер тай-брейкте ресейлік жұп жеңісті жұлып алды – 10:3.
Осылайша, Ж.Құламбаева жарысты жартылай финалдан аяқтады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жібек Құламбаеваның Астанадағы жарыстың жартылай финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).