«Жыл басынан бері қазан айына дейін мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында 17 заң бұзу фактісі тіркелді. Негізі балалардың құқығын, қауіпсіздігін бұзатын бір де бір оқиға болмауы керек. Оны біз түсінеміз. 11 600 мектепке дейінгі ұйым бар десек, 17 оқиға деген 0,001 пайыз деген сөз. Былтыр 38 жағдай болса, биыл 9 айда 17 оқиға. Яғни, азайған. Жұмысымыз жеміс беріп жатыр деуге болатын шығар», - деді ол орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Оның сөзінше, ата-аналар негізінен тәрбиешілердің балаларға дөрекі қарауы бойынша шағымданады.
«Ондай жағдайлар өте көп. Бірақ бұл жерде ата-ана да тәрбиешілерімен өзара байланыста болу керек. Егер бала кешке дейін жылап жүрсе, үнемі мазасыз болса, бұл тек балабақшада жасалған жағдаймен ғана байланысты болмауы мүмкін. Сондықтан баланың негізгі тәрбиесі, көңіл-күй отбасында қалыптасатынын ұмытуға болмайды. 17 жағдайдың ішінде 10 тәрбиеші жұмыстан қуылды. Басқа жағдайларда екі тарап татуласты», - деді Манара Адамова.
Бұған дейін Қаржылық мониторинг агенттігі Павлодар облысының балабақшаларында әлеуметтік маңызға ие тауарлардың бағасын негізсіз қымбаттату фактілерінің жолын кескенін жазған едік. Нақтырақ айтсақ, өңірдегі балабақшаларға азық өнімдері 300% қымбатқа жеткізіліп тұрған.