Жыл басынан бері 14 жасқа толмаған 6 қыз жүкті болған

АСТАНА. KAZINFORM – Жыл басынан бері 18 жасқа дейінгі жеткіншектер арасында 1651 жүктілік және 257 аборт тіркелді. Бұл туралы ҚР ДСМ Аналар денсаулығын сақтау басқармасының басшысы Шәкизат Халықова айтып берді.

Фото: freepik.com

Оның айтуынша, Денсаулық сақтау министрлігі ай сайын жасөспірімдер жүктілігіне мониторинг жүргізіп отырады.

«Ай сайын 18 жасқа дейінгі жүктілік пен аборт саны қаралып отырады. Былтыр 2023 жылдың 9 айында жасөспірімдер арасында 2288 жүктілік пен 385 аборт тіркелген еді. Ал биылғы 9 айда – 1651 жүктілік және 257 аборт болған», - деді Ш. Халықова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Сонымен бірге, спикер 14 жасқа дейінгі және 15-17 жас аралығындағы жүктілік статистикасы бөлек жүргізілетінін атап өтті.

«Өткен жылы 14 жасқа толмаған қыздар арасында 9 жүктілік жағдайы анықталды. Әрине мұндай ерте жаста көп жағдайда зорлық-зомбылық салдарынан жүкті болған жағдайлар бар, бұл енді Әділет министрлігінің құзырындағы ақпарат. Біздің міндетіміз – жүктіліктің барлық кезеңінде медициналық көмек көрсету және бұл көмектер толыққанды көрсетілді. Биыл 14 жасқа толмаған 6 қыз бала көтерген», - деп толықтырды Ш. Халықова.

Айта кетейік, Қазақстанда жүкті әйелдерді скринингпен қамту 10% өсті. Бүгінгі таңда 270 мыңға жуық әйел жүктілік бойынша есепте тұр.