Ішкі істер министрлігінің дерегіне сәйкес, 2024 жылы адамды еркінен тыс бас бостандығын шектеуге қатысты барлық бап бойынша 207 факт анықталған. Ал былтыр 203 оқиға болса, биыл 4 айда 75 жағдай тіркелген. Оның ішінде тікелей 128-бап («Адам саудасы») бойынша 4 іс қозғалған.
– ҚР Қылмыстық кодексінің 128-бабы (Адам саудасы) бойынша 2024 жылы – 14, 2025 жылы – 12 факт тіркелсе, биылғы алғашқы 4 айда – 4 дерек анықталды. Бұл латентті қылмыс болғандықтан, тергеу іс-әрекеттерінде дәлелдеу базасына қатысты қиындықтар жиі туындайды. Биыл бұл бағытта жоғары динамика жоқ. Бірақ жеңгетайлық қылмыстар мен заңсыз әрекет жасалатын орындарды ұйымдастыру және жүргізу фактілері жиі кездеседі, – дейді Әміржан Ағелеуов.
Елімізде адам саудасына қатысты бірнеше бап көзделген. Олар:
· 116-бап – Адамның тіндерін немесе ағзаларын алып қоюға мәжбүрлеу
· 125-бап 3-бөлік 2-тармақ – Адам ұрлау
· 126-бап 3-бөлік 2-тармақ – Бас бостандығынан заңсыз айыру
· 128-бап – Адам саудасы
· 134-бап – Кәмелетке толмаған адамды жезөкшелікпен айналысуға, сексуалдық сипаттағы өзге де қызметтерді көрсетуге тарту
· 135-бап – Кәмелетке толмағандар саудасы
· 308-бап – Жезөкшелікпен айналысуға тарту
· 309-бап – Притон ұйымдастыру немесе ұстау және жеңгетайлық
Айта кетейік, бұған дейін өткен жылы шет елдерде 40-тан астам қазақстандықтың құлдықтан босатылғаны туралы жазған едік.