Жыл басынан бері мемлекет меншігіндегі 380 нысан сатылған
Қаңтар-қараша айларында мемлекет меншігіндегі 380 нысан жекешелендіруге берілді. Бұл туралы ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтып берді, деп хабарлайды Kazinform.
Министрдің айтуынша, Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарында 658 объектіні сату көзделген.
«Биылғы қаңтар-қараша айларында 330 млрд теңге сомасына 380 объекті сатылды және кейіннен сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға берілді. Тағы 30 объекті сатуға қойылды, 64 нысан қайта ұйымдастыруға және таратуға жіберілді», - деді Ерұлан Жамаубаев Үкіметтің бүгінгі отырысында.
Сонымен бірге, спикердің айтуынша, 184-і сату алдындағы дайындықта тұр.
Бұған дейін спикер қай министрліктер мен облыстар бюджет қаражатын игере алмағанын айтқан еді.
Сондай-ақ мемлекеттік бюджетке 18,2 трлн теңге түскен, жыл басынан бері жергілікті бюджеттерге түскен кірістер жоспардан асыра орындалған.