Жыл басынан бері трансұлттық сипатта 38 қылмыстық іс тіркелді — ІІМ

АСТАНА. KAZINFORM — Ішкі істер министрлігінде кеңейтілген алқа отырысы өтті. Осы жиында жыл басынан бері, оның ішінде трансұлттық сипатта, 38 қылмыстық іс тіркеліп, қылмыстық ортадан шыққан 160-тан астам адам қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны айтылды. Бұл туралы Polisia.kz жазды.

Фото: ІІМ

ІІМ министрі Ержан Саденов ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша қылмыстық топтардың экономикаға ықпалын тоқтату бағытындағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды. 

Жәбірленушілердің құқықтарын қорғау тергеу жұмысының маңызды бағыттарының бірі болып қала береді. Ержан Саденов келтірілген залалды өтеу бойынша барлық қажетті шараларды қабылдау қажеттігін атап өтті.

Жартыжылдық қорытындысы бойынша қылмыстық істер аясында 34 млрд теңгеден астам шығын өтелді. Интернет-алаяқтықпен күреске ерекше назар аударылды.

— Алты ай ішінде мұндай қылмыстар саны 7%-ға төмендеді. Жәбірленушілерге 4,8 млрд теңге қайтарылып, тағы 2,6 млрд теңгенің заңсыз шығарылуына жол берілмеді, сондай-ақ 150 миллион алаяқтық қоңырау бұғатталды, — делінген хабарламада.

Министр тергеу сапасын арттыруды, қылмыстық шоттарды жедел бұғаттауды және алаяқтық схемаларды ұйымдастырушылардың барлығын анықтауды тапсырды.

Еске сала кетейік, Ішкі істер органдарнда биылғы жылдың бірінші жартыжылдығындағы жедел-қызметтік қызмет қорытындыcы шығарылып, алдағы кезеңге негізгі міндеттер айқындалды.