Жыл қорытындысы: Жолдаудағы маңызды заңдар қабылданды
АСТАНА. KAZINFORM – Жыл басында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысы мен қыркүйек айындағы Жолдауда Мемлекет басшысы бірқатар маңызды заңды қабылдауды тапсырған еді. Осы орайда елдегі заң шығару саласында бұл құжаттардың барлығы қамтылды. Атап айтқанда, былтыр Парламент 104 заң қабылдаса, биыл 102 заңды қарады.
Президент тапсырмасы
Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін реформалауды жалғастыру керек екенін атап өтті. Осы орайда Үкіметке Парламентпен бірге міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіру туралы заң жобасын жедел пысықтау жүктелді. Жарты жылға жуық уақыт ішінде бұл заңды Парламент қабылдап, шілде айында құжатқа Мемлекет басшысы қол қойды. Жалпы, 2026 жылы МӘМС жүйесінде қосымша бір млн-нан астам адам қамтылады деп жоспарланған.
Мұнымен қоса, министрлер кабинетіне жаңа Бюджет және Салық кодекстерін тыңғылықты әзірлеп, қысқа мерзімде қабылдау міндеті жүктелген еді.
Биыл Парламенттің жаңа сессиясын ашу кезінде Президент банктер туралы заңды жыл соңына дейін қабылдауды сұрады. Бұл заңда экономиканың сұранысы мен технологиялық өзгерістер ескерілуі қажет. 25 желтоқсанда сенаторлар құжаттың жекелеген баптарын жаңа редакцияда ұсынып, оны Мәжіліске қайтарған еді. Ал 29 желтоқсанда Мәжіліс сенаторлардың ұсынысымен келісіп, құжатты бекітті.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Цифрлық кодексті тезірек қабылдауды тапсырды. Парламент бұл құжатты жан-жақты пысықтап, жыл соңына дейін қабылдап үлгерді.
- Бұл заңда цифрландыру үдерісінің негізгі бағыттары, соның ішінде жасанды интеллект, платформалық экономика, үлкен дерекқорларды пайдалану және басқа да мәселелер айқындалуға тиіс, - деді Мемлекет басшысы.
Тағы бір құжат геологиялық барлауға қатысты. Президент жер қойнауын игеру саласындағы реформалардың заң жүзіндегі және іс жүзіндегі рәсімдерін жыл соңына дейін аяқтауды жүктеді.
- Ал жаңа Құрылыс кодексі осы саланың қауіпсіз әрі ашық болуына және тұрақты дамуына жол ашатын берік заңнамалық негізге айналуға тиіс. Құжатты жыл соңына дейін қабылдау керек. Депутаттардың бұл жұмысқа атсалысуын сұраймын, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Желтоқсан айының соңында Парламент құрылыс саласын реттейтін осы заңды қабылдады.
Айта кетейік, электросамокаттар тақырыбы қоғамда қызу талқыланғанын ескере отырып, бұл саладағы қауіп-қатерге қатысты қосымша тапсырма берілді.
- Қазір бұл саланы реттейтін заңға түзетулер әзірленді. Оны көп созбай қабылдау керек. Әрбір азаматтың, әрбір баланың өмірі қымбат. Бұл мәселеде ұсақ-түйек деген болмайды. Түптеп келгенде, мұның әрқайсысы – Қауіпсіз Қазақстанды құру жолындағы маңызды қадамдар, - деді Мемлекет басшысы өз Жолдауында.
Еске салсақ, Президент кейінгі жылдары жасанды интеллект саласына ерекше назар аударып келеді. Сондықтан биыл қараша айында «Жасанды интеллект туралы» заңға қол қойды.
Енді жасанды интеллект адамның белгілі бір міндеттерді орындау құралы ретінде қарастырылады. Осыны ескере отырып, заңда жауапкершілік және бақылау қағидаттары бекітілді.
Бір жылда Сенат 102 заң мақұлдады
Жақында Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев осы жылдың соңғы жалпы отырысында Палатаның жұмысын қорытындылады.
— Жалпы, Палатамыз жыл басынан бері 102 заңды қарады. Бұл заңдар еліміздің саяси және орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуді көздейді. Бүгінгі қорытынды отырысымызды да осындай маңызды заңдарды қараумен түйіндеп отырмыз, — деді Сенат спикері.
Заң шығару қызметімен қатар Сенаттың тұрақты комитеттері Палата жоспарына сәйкес бірқатар маңызды іс-шара ұйымдастырды. Сенатта еңбек адамы және заң білімін дамыту мәселелеріне арналған 2 парламенттік тыңдау өткізілді.
— Палата депутаттары біраз заңға халық пен өңірлердің мүдделерін ескере отырып, толықтырулар мен өзгерістер енгізді. Сонымен қатар, сенаторлар бастамашы болып, 15 жеке заң жобасын әзірледі. Бұдан бөлек, тұрақты комитеттер жұмыс жоспарына сәйкес 5 үкімет сағатын, 50-ден астам көшпелі отырыс, 100-ге жуық дөңгелек үстел отырысы мен кездесулер өткізді. Соның аясында Президент тапсырмаларының, заңдардың және мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы жан-жақты талқыланды, — деді Сенат төрағасы.
Оның сөзіне қарағанда, Сенаттың халықаралық қызметі де 140-қа жуық мазмұнды іс-шарамен ерекшеленді.
— Өздеріңізге белгілі, биыл Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезін өткіздік. Іс-шараға әлемнің 60-қа жуық елінен 100-ден астам делегация келіп, қатысты. Бұдан бөлек, әріптестеріміз 130-дан аса депутаттық сауал жолдап, Үкіметке өзекті мәселелерді шешу жолдарын ұсынды. Сенат жанындағы консультативтік-кеңесші органдар да бірқатар маңызды іс-шаралар өткізді… Жалпы, биыл атқарылған ауқымды жұмыс үшін баршаңызға, депутаттарға және Сенаттың Аппаратына ризашылығымды білдіріп, алғыс айтамын. Сондай-ақ, Палата қызметін халыққа жеткізу жолындағы белсенді жұмыстары үшін бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне рахмет айтамыз. Жыл аяқталғанымен, депутаттық қызметіміз жалғаса бермек. Ертеңнен бастап сіздердің өңірлерге сапарларыңыз басталады. Сапар барысында тұрғындарды алаңдатқан өзекті мәселелерге баса мән беруіміз керек, — деді Мәулен Әшімбаев сенаторларға қарата айтқан сөзінде.
Қоғамда қызу талқыланған заңдар
29 желтоқсанда Парламент Мәжілісі 2025 жылдың қорытынды жалпы отырысын өткізді. Палата төрағасы Ерлан Қошанов бұл жыл саяси жағынан да, заңнамалық тұрғыдан да оқиғаларға толы болғанын атап өтті.
- Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығын атап өттік. Ол – тәуелсіздік пен құқықтық тәртіптің іргетасына айналған негізгі заңымыз. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша депутаттардың бастамашылығымен Конституцияның 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы заң қабылданды. Ол ізгіліктің символына айналды деуге болады. Еліміздегі 17 мыңға жуық сотталған адам осы рақымшылық талаптарына ілікті, - деді Мәжіліс төрағасы.
Оның пайымынша, осы жыл Парламент Мәжілісі үшін де жемісті болды. Палата Мемлекет басшысының Жолдауларында, Сайлауалды бағдарламасында, Ұлттық Құрылтайда берген тапсырмалары негізінде бірқатар маңызды заңнамалық актілерді қабылдады.
- Биыл 100 заң (Мәжіліс) қабылданды, оның 24-іне депутаттар бастамашы болды. Сондай-ақ, еліміздің негізгі құжаттары – Су, Бюджет, Салық, Құрылыс және Цифрлық кодекстер бойынша жұмысты аяқтадық. Олардың әрқайсысы қоғамда қызу талқыланды. Жекелеген нормалар Парламент қабырғасында, сарапшылар қоғамдастығында жан-жақты пікірталас тудырды, тіпті сын да айтылды. Осы істің нәтижесі ретінде елдің ұзақ мерзімді мүдделеріне қызмет ететін шешімдер қабылданып, Парламенттің ашық әрі тиімді жұмыс істегенін атап өтуге болады. Негізгі кодекстер бойынша жұмысты аяқтап, біз болашақтың іргесін қалайтын заңнамаға көштік. «жаңа Заң қабылданды. Қазақстан Еуропалық Одақтан кейін осы салада жеке, арнайы заңы бар екінші юрисдикцияға айналды, - деді Е. Қошанов.
Айтпақшы, депутаттар «Заң және тәртіп» қағидатын дәйекті түрде жүзеге асыра отырып, бірқатар маңызды нормалар қабылдады. Биыл да қоғамдық кеселдермен күресті белсенді түрде жалғастырды. Әсіресе, лудомания бойынша жаңа нормалар енгізілді. Халықты, соның ішінде жастарды қорғау үшін ғимараттарда және онлайн-кеңістікте букмекерлік кеңселер мен тотализаторларды жарнамалауға тыйым салынды.
Сонымен қатар, некеге тұруға мәжбүрлеу де заңмен реттелді. Бұл қадам жеке тұлғаның қадір-қасиетін, қалауы мен таңдауын және адамның құқықтарын қорғауға деген мемлекеттің ұмтылысын нақты көрсетті. Тағы бір мәселе – телефон арқылы жасалатын алаяқтықтың өсуі. Оған тосқауыл қою үшін байланыс саласында қатаң шаралар қолға алынды.
Осы жылы алаяқтық схемаларға қатысы бар тұлғаларға, яғни дропперлерге қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Бір адамның атына он абоненттік нөмірден артық ресімдеуге шектеу қойылды. Алаяқтық мақсаттағы телефон қоңыраулары үшін пайдаланылатын нөмірлерді бұғаттау ескерілді.
- Биыл халықтың қарызға батуын азайтуға бағытталған жұмыс жүйелі жалғасын тапты. Қиын қаржылық жағдайға тап болған азаматтардың проблемасын шешуге көмектесетін нормалар қабылданды. Халықтың әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған топтары үшін займдар мен шағын несиелері бойынша мерзімін кемінде үш айға шегеру мүмкіндігі белгіленді. Кепілсіз онлайн несиелер ресімдеу кезінде «салқын ақылға салып» шешім қабылдауға мұрсат беру енгізілді. Әлеуметтік салаға қатысты да бірқатар заңнамалық шешім қабылданды. Ең алдымен, балаларды қолдауға баса назар аударылып отыр. Мәселен, мемлекеттен білім капиталы қарастырылған «Келешек» жүйесі іске қосылды. Бұған қоса депутаттардың бастамасымен дарынды балаларды қолдауға бағытталған нормалар енгізілді. Енді халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары білім гранттарын конкурссыз алады. Оның ішінде «Болашақ» бағдарламасы да қамтылған. Сонымен қатар, мемлекеттік жәрдемақы алушылар I топтағы мүгедектігі бар балалардың немесе жеке тұлғалардың күтімін жасайтын болса, гранттар бойынша міндетті жұмыспен өтеуден босатылады, - деді Мәжіліс төрағасы.
Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне қатысты тәсілдер де қайта қаралды. Бірыңғай медициналық көмек пакеті енгізілді. Күрделі ауруларды ертерек анықтау үшін тегін көрсетілетін кепілді медициналық көмек тізіміне онкоскрининг енгізілді. Сондай-ақ, есту қабілеті бұзылған, бірақ мүгедектігі жоқ азаматтарға қажетті есту протезі тегін берілетін болады.