Жыл сайын пайдалануға берілетін тұрғын үй көлемі 20 млн шаршы метрге жетті

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда тұрғын үймен қамтамасыз етілу деңгейі артып келеді. Кейінгі үш жыл ішінде бұл көрсеткіш бір адамға шаққанда 23,8 шаршы метрден 25,2 шаршы метрге дейін өскен. Бұл туралы «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы Ляззат Ибрагимова BIZDIÑ ORTA подкастында мәлімдеді.

Фото: Мақсат Шағырбаев / Kazinform

Сарапшының айтуынша, өсім белсенді тұрғын үй құрылысы мен туу деңгейінің жоғары болуымен байланысты. Ал азаматтар үшін тұрғын үйдің қолжетімділігі депозиттердің рекордтық өсуімен расталады.

Ляззат Ибрагимованың түсіндіруінше, әлемдік тәжірибеде тұрғын үймен қамтамасыз етілу деңгейін бағалайтын көрсеткіш бар. Ол елдегі тұрғын үй алаңының жалпы көлемін халық санына бөлу арқылы есептейді екен.

– Қазақстанда бұл көрсеткіш соңғы үш жылда бір адамға шаққанда 23,8 шаршы метрден 25,2 шаршы метрге дейін өскен. Бұл өсім формуланың алым бөлігінің ұлғаюымен байланысты: жыл сайын шамамен 20 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі, - деп атап өтті Ләззат Ибрагимова.

Сонымен қатар, елде халық саны көбейіп келеді. Қазақстанда 2021–2022 жылдары шарықтау кезеңінде жылына 450 мыңға дейін бала дүниеге келген. Соңғы жылдары бұл көрсеткіш төмендегенімен, әлі де айтарлықтай деңгейде сақталып отыр.

Осылайша, тұрғын үймен қамтамасыз ету – маңызды макроэкономикалық көрсеткіш. Алайда қарапайым азамат үшін ол көбіне статистикалық дерек күйінде қалып отыр. Халықты көбірек алаңдататыны – жалақы деңгейі мен бір шаршы метр тұрғын үй бағасы.

Спикердің айтуынша, бұл көрсеткіш бойынша да жағдай жаман емес.

– Кейінгі екі жылда жалақы деңгейінің өсуі байқалып отыр. Сонымен қатар тұрғын үй нарығы қазіргі таңда мынадай кезеңде: қайталама нарықтағы тұрғын үйлердің бағасы кей жағдайда төмендесе, алғашқы нарықтағы баспана құны керісінше өсіп келеді, - деді ол.

2025 жылдың соңында тұрғын үй нарығында қарқынды белсенділік байқалды. Себебі, тұрғын үйге қосымша құн салығы енгізіледі деген ақпарат тараған еді. Осыған байланысты желтоқсан айында жасалған мәмілелер саны рекордтық деңгейге жеткен.

– Шын мәнінде Құрылыс кодексіне сәйкес тұрғын үйге ҚҚС тек 2027 жылдың соңында енгізіледі. 2025 жылдың 31 желтоқсанына дейін рұқсат алған барлық нысандар енді ғана салынып жатыр және дәл осы объектілерге ҚҚС салынады. Ал бұған дейін салынып, қазір сатылып жатқан тұрғын үйлерге ҚҚС қолданылмайды, - деп түсіндірді Ләззат Ибрагимова.

Сарапшы тұрғын үйдің қолжетімділігі туралы сұраққа да жауап берді. Ол 2021–2024 жылдар аралығында банктерге түсетін қаражат көлемі жыл сайын шамамен 1 трлн теңгені (940–980 млрд теңге аралығы) құрағанын атап өтті.

– 2025 жыл рекордтық көрсеткішпен ерекшеленді. Банктерге тартылған қаражат көлемі 1,5 трлн теңгеге жетті. Азаматтар азаматтар 2% жылдық мөлшерлемемен депозиттер ашып, болашақта жеңілдетілген ипотека алу мүмкіндігі үшін жинақ жасайды, - деді ол.

Оның айтуынша, азаматтардың мұндай саналы түрде әрекет етуі тұрғын үйдің қолжетімділігі артқанын көрсетеді. 

Айта кетейік, жыл басынан 3,9 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.