Жыл соңына дейін 165 мектеп пайдалануға беріледі – Еділ Оспан

Биыл жыл соңына дейін 165 жаңа мектеп пайдалануға беріледі. Бұл туралы Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан айтты, деп хабарлайды Kazinform .

Фото: primeminister.kz

«Оқу-ағарту министрлігі еліміздегі оқушы орындарының тапшылығын, апатты мектептерді жою және үш ауысымды мектептердің мәселелерін шешу бағытында кешенді жұмыс жүргізуде. Үкімет тарапынан жыл сайын мектептерді салуға және жаңғыртуға қаржы бөлініп келеді. Мәселен, соңғы 3 жылдың өзінде 340 мың оқушы орынға арналған 626 мектеп пайдалануға берілді. Осы жылдың соңына дейін 137 700 оқушы орнына арналған 165 мектепті пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Бұл - Білім инфрақұрылымдарын қолдау қорының, республикалық және жергілікті бюджеттердің, әлеуметтік бағдарламалар мен жеке инвесторлардың есебінен салынып жатқан нысандар», - деді вице-министр «Самұрық-Қазына» қорының баспасөз қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Оның атап өтуінше, жан басына шаққанда қаржыландыруды енгізу елімізде жекеменшік мектептер ашу динамикасына оң әсерін тигізіп отыр. Соңғы 3 жылдың көлемінде елімізде 300-ден астам жекеменшік мектептер салынып, қолданысқа берілді.

«Оқушы орындарының тапшылығына байланысты мәселелерді жүйелі түрде шешу үшін «Жайлы мектеп» жобасы іске қосылды. Ұлттық жоба аясында 740 мың оқушы орнын қамтитын 369 жаңа мектеп салынады. Мектептердің жобалық қуаты 300-ден 2 500 орынға дейін болады. Бұл мектептер ең алдымен оқушы орны тапшы және аса өзекті апатты мектептердің орнына салынатын болады. Жаңа мектептерді салу кезінде министрлік әкімдіктермен бірге әрбір өңірдің, әрбір елді мекеннің бала санының өсу динамикасына, көші-қон процестеріне талдау жүргізіп, соның нәтижесіне арқа сүйеп отырады. Сондықтан жоспарланған жайлы мектептердің басым бөлігі Астана, Алматы қалаларында, Түркістан, Алматы, Маңғыстау, Қызылорда облыстарына тиесілі. Бұл өңірлерде оқушы санының ұдайы өсу тенденциясы бар», - деді Еділ Оспан.

Вице-министрдің атап өтуінше, министрлік ұлттық жобаны тиімді іске асыру үшін қажетті барлық нормативтік базаны әзірледі. Тұрақты негізде үйлестіру жұмыстары жүргізіліп, әдістемелік қолдау қамтамасыз етілуде. Осы жұмыстардың аясында мектептерді жиһазбен және технологиялық жабықтармен жарақтандыру нормалары, сонымен қатара жаңа мектептерді жұмыс істейтін қызметкерлердің штаттық кестесі әзірленіп, «Samruk-Kazyna Construction» компаниясына жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеу кезінде пайдалану үшін берілді.