Май ауданының Ақжар ауылында осындай алғашқы медициналық пункт ашылды. Бұл – «Ауылдық денсаулық сақтау саласын жаңғырту» жалпыұлттық жобасы және ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру аясында бой көтерген жаңа медициналық ұйым.
- Фельдшерлік пунктке 500-ден астам адам қарала алады. Жаңа құрал-жабдықтардың арқасында медициналық қызмет көрсету аясы кеңейді. Мекемеге ЭКГ жазуға арналған телекардиограф, дефибриллятор, тыныс алу жолдарының аспирациясына арналған электр сорғыш құрылғы және көктамырішілік инфузияға арналған шприцті инфузиялық сорғылар сатып алынды. Бұған қоса физиоемдеуде қолданылатын небулайзер, жоғарғы тыныс жолдарын, құлақ қуысын емдеуге арналған ультракүлгін сәулелендіргіш, БТЛ магниттік терапия аппараты да жаңартылды. Мұнда процедура, физиотерапия, пациенттерді қабылдауға және дәріханаға арналған төрт кабинет, күндізгі стационар бар, - деп хабарлады өңірлік Денсаулық сақтау басқармасынан.
Ақжардағы ескі медициналық пункт 1985 жылы салынған. Ғимараты әбден ескіріп кеткені себепті емдеу ұйымын жаңадан тұрғызуға шешім қабылданған. Құрылысына 137 млн теңге жұмсалған.
Айтып өтейік, жыл соңына дейін Павлодар облысының ауылдық аумақтарында 15 мыңнан астам тұрғынды сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз ететін 30 емдеу мекемесі ашылады.
Бұған дейін Павлодарда республикалық тас жолдардың бойында шұғыл медициналық бекеттер ашылатыны туралы жазғанбыз.