Жыл соңына дейін саяси қызметшілер салық декларацияларын жариялайды
АСТАНА. KAZINFORM — Жыл соңына дейін саяси қызметшілер салық декларацияларын жариялайды. Бұл туралы Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов айтты.
- Саяси қызметшілердің салық декларацияларын міндеті түрде жария етуі «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңда бекітілген. Соған сәйкес, әрбір мемлекеттік орган өзінің сайтында оны жария етуге міндетті лауазымды тұлғаның декларациясын жария етеді. Яғни, мәселен, Қаржы министрлігін алар болсақ, олар Қаржы министрлігінің сайтында, Сауда министрлігінікі сол ведомствоның сайтында жарияланады. Жариялау мерзімі - осы жылдың соңына дейін. Барлық деректер жарияланады, оны сіздер көресіздер, - деді вице-министр Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Айта кетейік, таяуда Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы жаңа редакцияда кіріс туралы жариялануға тиіс мәліметтер тізімін бекіткен еді.