Жылдамдық өлшейтін құралды «жедел жәрдем» мен қоғамдық көліктерге тезірек орнату керек

АСТАНА. KAZINFORM — «Ақылды» жаяу жүргінші өткелі жүйесі орнатылған жерлерде адам қағып кету деректері мүлдем тіркелмеген. Бұл туралы Үкімет отырысында Ішкі істер министрі Ержан Сәденов айтты.

Фото: Pexels

— Биылғы 25 тамыздан бастап жылдамдық өлшейтін құралды «жедел жәрдем» мен қоғамдық көліктерге орнату мүмкіндігі туралы норма күшіне енді. Бұл — жолдағы тәртіпті қамтамасыз етудің өте тиімді шарасы. Шетелде жиі қолданылады. ІІМ бұл сұрақты екі жыл бойы қозғап келеді. Ұсыныс ретінде бірнеше рет мәселені көтердік. Қазір енді, тиісті Заң қабылданды. Осылайша, міндет жүктелді. Соның өзінде, белсенділік жоқ. Ел бойынша қоғамдық көліктерде бар-жоғы 5 құрал ғана, ал «жедел жәрдем» көліктерінде 3 кешен ғана орнатылған. Әкімдіктер бұл жүйені тезірек енгізу қажет, — деді Ержан Сәденов. 

Министрдің айтуынша, жаяу адамды өткізбеген көліктерді анықтайтын «Ақылды» жаяу жүргінші өткелі жүйесі өз тиімділігін көрсетті. Олар орнатылған жерлерде адам қағып кету деректері мүлдем тіркелмеген.

— Қазіргі уақытта мұндай 126 құрал жұмыс істеп тұр. Бірақ, бұл — өте аз. Ал, 12 өңірде мұндай жүйе мүлдем орнатылмаған. Біз ауылдарды айтпаймыз. Қаланың өзінде жағдай мәз емес. Бұл мәселе бірнеше рет алдыңғы отырыстарда көтерілді, әкімдер оны біледі. Сондықтан, бұл мәселені тезірек шешу керек, — деді ол.

Айта кетейік, отырыста жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі қаралып, жылу беру маусымына дайындық барысы пысықталып жатыр.