Жылыой ауданы: 3461 отбасына 1,277 млрд теңгенің бір реттік төлемі жасалды
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысының Жылыой ауданындағы 3461 отбасына 1,277 млрд теңгенің бір реттік әлеуметтік көмегі төленді.
Атырау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мәмбетовтің айтуынша, су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға бір реттік әлеуметтік көмек беріліп жатыр.
«Тасқын судан зардап шеккен тұрғындарға 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы әлеуметтік көмек беру ұйғарылды. Оның мөлшері – 369 мың 200 теңге. Осыған байланысты бүгін, 24 сәуірде Жылыой ауданының тұрғындарынан 3732 өтініш қабылданды. Арнайы комиссияның талдауынан кейін 3461 тұрғынға біржолғы материалдық көмек төленді. Жергілікті бюджеттен тұрғындарға төленген қаржының жалпы сомасы 1 млрд 277 млн теңгені құрады», - деп хабарлады Азамат Мәмбетов.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Жылыой ауданындағы су тасқынынан зардап шеккен 3271 отбасына 1,2 млрд теңге төленгенін жазған едік.
Сондай-ақ, Серік Шәпкенов Құлсарыдағы су басқан аумақты тазарту мамырға дейін аяқталатынын айтқан еді.