Жылыой ауданынан көшірілген балалар сабақты онлайн оқиды

Фото: Фото: Pexels

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысының Жылыой ауданынан эвакуацияланған отбасылардың балалары сабақты онлайн оқиды.

Атырау облыстық жедел штабтың мәліметіне сүйенсек, Жылыой ауданының су басқан елді мекендерінен 31 009 тұрғын эвакуацияланған. 

Бұл туралы облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Света Аманшиева мәлім етті. 

«Бүгіннен бастап Жылыой ауданында қарғын судың шектен тыс тасуы салдарынан баспанасы суға кетіп, өздері эвакуацияланған отбасылардың балаларын қашықтан оқытамыз. Бұл Жылыой ауданындағы жағдай тұрақтанғанға дейін жалғасады», - деді Света Аманшиева. 

Онлайн форматта білім алатындардың қатарында Құлсары қаласынан Теңіз кен орнындағы вахталық кентке, Атырау қаласына эвакуацияланғандар отбасылардың балалары бар.

Сондай-ақ, қашықтан оқуға көршілес облыстарға барған ата-аналардың балалары да тартылады. 

«Су тасқынына байланысты тұрғындардың бір тобы Маңғыстау облысына жеткізілді. Олардың балалары сол өңірдің білім бөлімі арқылы оқытылады» -деді Света Аманшиева. 

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында төтенше жағдай жарияланғанын жазған едік.

Сондай-ақ, Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов тұрғындар өміріне қауіп төнсе, алдын ала хабарланатынын айтты.

Кейін Жайық өзенінің суы Атырау қаласына қай тұстан кіруі мүмкін екенін хабарлаған болатынбыз.