Оның айтуынша, жүйе энергетика нысандарын толық қамтып, олардың жай-күйін бір орталықтан бақылауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ станциялар мен өзге де өндіріс орындарының жұмысы онлайн қадағаланып, жөндеу жұмыстары алдын ала жоспарланады.
Жоба аясында барлық нысан, торап және жабдық бойынша бірыңғай деректер базасы қалыптастырылған. Бұл мәліметтерді жүйелеп, әрбір жабдықты техникалық талаптармен және жөндеу мерзімдерімен байланыстыруға жол ашады. Сонымен қатар жүйе электр энергиясын өндіретін нысандардың жұмыс көрсеткіштерін нақты уақыт режимінде көрсетеді.
— Келесі кезеңде ақауларды қағаз журналға тіркеуден толық бас тартып, цифрлық базаға көшеміз. Расталған деректер мен жөндеу мерзімдерінің сақталуын тұрақты бақылау сапасын арттырады, — деді вице-министр.
Министрлік мәліметінше, бұл жүйе енгізілген жағдайда жылыту маусымына дайындықты бақылау мерзімі 90 күнге дейін қысқарып, апат қаупі 25%-ға дейін төмендейді.
Бұған дейін Премьер-министр Олжас Бектенов Астананың энергетикалық инфрақұрылымын тексеріп, жылыту маусымына дайындық пен отынмен қамту мәселесін бақылауда ұстауды тапсырған болатын.