Жылыту маусымындағы қауіп: Қарағанды облысында 16 мың үй тексерілді

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM - Күн суытып, жылыту маусымы басталғанда Қарағанды облысындағы жеке тұрғын үйлерде пеш жағылып, электр жылытқыштары жиі қосылады. Алайда жылу беретін құралдардың дұрыс жұмыс істемеуі өртке ұласып, көзге көрінбейтін иіс газынан улану қаупін де тудыруы мүмкін.

Фото: Қарағанды облысы ТЖД баспасөз қызметі

Бітелген мұржа, ақауы бар пеш пен ескірген электр сымдары адам өміріне қатер төндіреді. Ең қауіптісі – мұндай қатерді кейде дер кезінде аңғару мүмкін емес.

Фото: Қарағанды облысы ТЖД баспасөз қызметі

Жыл басынан бері облыстың тұрғын үй секторында 50 өрт оқиғасы тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 31,5 пайызға аз. Былтыр осы уақытта 73 өрт болған. Дегенмен өрт санының төмендеуі тұрмыстық қауіпсіздік мәселесі өзектілігін жоғалтты деген сөз емес. Керісінше, жылыту маусымында пештер мен электр желілеріне түсетін салмақ артып, өрт шығу қаупі де күшейеді.

Тұрғындар үшін төнетін басты қатердің бірі – улы газы. Оның түсі де, иісі де болмағандықтан, адам қауіп барын бірден сезбеуі мүмкін. Улану белгілері байқалған кезде жағдайдың күрделеніп кетуі де ықтимал. Әсіресе пешпен жылытылатын үйлерде мұржаның тазалығы, пештің дұрыс жұмыс істеуі және улы газды анықтайтын арнайы датчиктердің болуы аса маңызды.

Фото: Қарағанды облысы ТЖД баспасөз қызметі

Тамыз айынан бері облыста тұрғын үйлерді аралап, өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді. Жыл басынан бері мамандар 16 мың үйді аралаған. Олар пештер мен мұржалардың жай-күйін, жылыту жүйелерінің жарамдылығын тексеріп, тұрғындарға қауіпсіздік ережелерін түсіндіреді. Сонымен қатар өрттің алдын алуға бағытталған бейнероликтер LED-экрандар мен 40 автобуста көрсетіліп жатыр.

Әсіресе өз үйінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндігі шектеулі әлеуметтік осал топтағы отбасыларға басымдық берілген. Олардың үйлеріне улы газды анықтайтын төрт мыңға жуық автономды датчик орнатылды. Тамыз айынан бері қосымша тағы 1011 құрылғы қойылған. Бұдан бөлек, 100-ден астам мұржа тазартылды. Өрт қауіпсіздігі айлығы кезінде осы санаттағы отбасылардың барлығы профилактикалық іс-шаралармен қамтылды.

Шалғайдағы ауылдарда қауіпсіздік мәселесі одан да күрделі. Себебі өрт шыққан жағдайда ең жақын өрт сөндіру бөлімшесіне дейінгі қашықтық пен құтқарушылардың жету уақыты аса маңызды. Сондықтан ауылдық жерлерде өрт сөндіру бекеттерінің жұмысын жолға қоюға ерекше көңіл бөлініп отыр.

Фото: Қарағанды облысы ТЖД баспасөз қызметі

«Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында ауылдық жерлерде 20-дан астам өрт сөндіру бекеті ашылған. Олар жалпы саны 30 мыңнан астам адам тұратын 60 елді мекенге қызмет көрсетеді. Қазір тағы 12 бекеттің құрылысы жүріп жатыр. Жаңа нысандар пайдалануға берілгенде өрт сөндіру қызметінің қамту аймағына қосымша 32 ауыл енгізіліп, 12 мыңнан астам тұрғынды жедел көмекпен қамтуға мүмкіндік туады.

Фото: Қарағанды облысы ТЖД баспасөз қызметі

Өрт оқиғаларының саны азайғанымен, жылыту маусымында сақтықты күшейту қажет. Арнайы датчиктер орнату мен профилактикалық аралау жұмыстары қауіптің алдын алуға көмектескенімен, оны толығымен жоя алмайды. Өйткені үйдегі қауіпсіздік, ең алдымен, тұрғындардың өз жауапкершілігіне байланысты. Пештің жарамдылығын қадағалау, мұржаны уақытылы тазалау, электр сымдарының жағдайын тексеру және жылыту құралдарын пайдалану талаптарын сақтау – өрт пен иіс газынан уланудың алдын алатын негізгі шаралар.

Бұған дейін Үкімет отырысынан кейінгі брифингте Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов елімізде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары жөнінде мәлімдеген болатын.