Жылу маусымы басталғалы Павлодар жұртынан мыңнан астам шағым түскен

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Шағымның ең көбі облыс орталығында тіркелген — 900-ден астам. Пәтер иелері негізінен температураны реттеуге қатысты мәселелерді көтерген.

Фото: Pexels

Павлодар облысында жылу беру басталғалы тұрғындардан пәтерлерінің жеткілікті жылынбауына қатысты мыңнан астам шағым түскен. 
Бұл туралы облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Күлбаршын Арынова мәлімдеді.

— Павлодар қаласында 900-ден астам өтініш тіркелді. Екібастұзда — 25, Ақсуда 24 шағым түскен Әрбір өтініш бойынша жұмыс жүргізілді. Негізінен, температураны реттеуге қатысты мәселелер көтерілген, — дейді ол.

«Павлодар жылу желілері» ЖШС-ның мәліметінше, қазіргі уақытта жылу жүйелері штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Іске қосу-баптау жұмыстарының барлығы дерлік аяқталған. Кәсіпорын өкілдерінің сөзінше, пәтерлердегі радиаторларды уақтылы шаю немесе үй ішіндегі құбырлардың тік магистральдарын ауыстыру арқылы жылудың жеткіліксіздігін жоюға болады. Жылу желілерінің мамандары тіркелген әр шағым бойынша пәтерлерге барып, жылыту жүйесін реттеуге көмектеседі.

Еске сала кетейік, Павлодарда енгізіліп жатқан цифрлық сыңар жылу жүйесін нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді.