Жоғалған жауһар: Рубенстің картинасы 3 миллион еуроға сатылды
АСТАНА. KAZINFORM – Питер Пауль Рубенстің төрт ғасыр бойы жоғалып кеткен «Кресттегі Иса» картинасы Версальдағы Osenat аукционында шамамен үш миллион еуроға сатылды, деп хабарлайды РИА Новости.
Le Parisien басылымының хабарлауынша, картина аукционда комиссияны қосқанда 2 940 798 еуроға сатылған. Бастапқыда оны 1-2 миллион еуроға бағалаған. Ал сауда 500 000 еуродан басталды.
Қыркүйек айында France Presse басылымы «Osenat» аукцион үйінің президенті Жан-Пьер Осенаттың суретті Париждегі сарайдан тапқанын хабарлады. Сурет 1613 жылдан бері көпшіліктің назарына ілікпеген.
Питер Пауль Рубенс (1577-1640) көрнекті фламанд суретшісі және барокко кезеңінің негізгі шеберлерінің бірі болды. Оның үш мыңға жуық картинасы бар.
Еске салайық, Фрида Калоның суреті Нью-Йорктегі аукционда рекорд орнатты. Мексикалық суретшінің «Ұйқы» атты автопортреті Sotheby's аукционында 54,7 миллион долларға сатылды.