Жол активтері сапасының ұлттық орталығының бас директоры тағайындалды

АСТАНА. KAZINFORM - Көлік министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы бұйрығымен «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК бас директоры лауазымына Серік Имашев тағайындалды.

Фото: Көлік министрлігі

Серік Имашев 1988 жылғы 19 ақпанда дүниеге келген. Мәскеу автомобиль-жол мемлекеттік техникалық университетін «Автомобиль жолдары мен әуежайларды салу және жобалау» мамандығы бойынша «Болашақ» халықаралық стипендиялық бағдарламасы аясында тәмамдаған. Сондай-ақ АҚШ-тың Нью-Йорк қаласындағы Ambassador Academy-де Pre-Master дәрежесін және Keele University университетінде MBA дәрежесін алған.

Сондай-ақ бірінші деңгейдегі жауапкершілік объектілері бойынша техникалық қадағалау аттестатына ие. Оңтүстік Кореяда, ҚХР-да және Азия даму банкі желісі бойынша халықаралық оқыту және біліктілікті арттыру бағдарламаларынан өтіп, көлік саясаты, көлік инфрақұрылымын дамыту және FIDIC 2017 келісімшарттарын қолдану бағыттары бойынша білімін жетілдірген.

Еңбек жолын 2010 жылы Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникациялар министрлігінің Автомобиль жолдары комитетінде бастаған.

Әр жылдары «Самұрық-Қазына» АҚ құрылымдарында, «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ-да, сондай-ақ құрылыс және инжиниринг саласындағы жеке секторда жұмыс істеген.

Оның жол-көлік саласында 15 жылдан астам кәсіби тәжірибесі бар, соның ішінде республикалық маңызы бар ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға қатысқан.

«Балқаш – Бурылбайтал», «Құрты – Бурылбайтал» және «Қарағанды – Балқаш» стратегиялық маңызы бар автожол жобаларын басқарған.
Серік Имашев техникалық саясат, сапаны бақылау, көлік инфрақұрылымын салу және жаңғырту салаларында мол тәжірибеге ие. Сонымен қатар Оңтүстік Корея, Қытай елдерінде және Азия даму банкі желісі бойынша халықаралық біліктілікті арттыру бағдарламаларынан өткен.

Айта кетелік Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы тағайындалған еді