Бұл ретте жол полициясы органдары мұндай азаматтарды көлік басқару құқықтарынан айыру туралы мәселе көтеруге құлықсыз. Бұл туралы Бас прокурор Асхат Дауылбаевтың төрағалығымен өткен алқа мәжілісінде айтылды, деп хабарлайды Бас прокуратураның баспасөз қызметінен. Мұндай 208 дерек анықталған. Заңда көрсетілгендей, ішкі істер органдары сотқа көлік құралын басқаруға денсаулығы жарамайтын адамдардың көлік басқару құқықтарын тоқтату туралы талап арыз енгізулері тиіс. Бұл әсіресе, жүйке ауруларымен сырқаттанған адамдарға қатысты. Прокурорлардың араласуынан кейін 115 адамның көлік басқару құқықтарын тоқтату туралы сотқа талап арыз енгізілді, бүгінде олардың 61-і қанағаттандырылды. Жиын қорытындысында Ішкі істер министрлігіне жүйке ауруына шалдыққан азаматтарды көлік құралын басқару құқығынан айыруға тиімді шаралар қабылдау, сондай-ақ жүйке ауруларымен сырқаттанған адамдардың қоғамдық қауіпті әрекеттерін уақтылы ескерту мақсатында денсаулық сақтау мекемелерімен өзара тығыз іс-қимыл жасасуды қамтамасыз ету ұсынылды.
05:25, 30 Қазан 2014
Жол полициясы жүйке ауруларына шалдыққандарды көлік басқару құқығынан айыруға құлықсыз - Бас прокуратура
АСТАНА. ҚазАқпарат - Әкімшілік тәжірибеге жасалған талдау көрсеткендей, сот арқылы тұрғылықты жері бойынша емдеу тағайындалған жүйке аурулары бар адамдар азаматтық-құқықтық мәмілелер жасап, өндірістерде жұмыс істеп, автокөлік құралдарын басқарып келген.