ҚазАқпарат тілшісі жаңа жүйеге елордалықтардың қаншалықты дайын екенін тексерді. Кешкі қарбалас сәтте адамға лық толы №101 экспресс автобусындағы жолаушылардың ешқайсысы жол ақысын онлайн төлеген жоқ.
Жолаушының көптігінен есігі әрең ашылып-жабылатын автобуста кондуктор болған жоқ. Жолаушылар 150 теңгені жүргізушіге беру үшін автобустың алдыңғы бөлігіне өтті. Себебі жүргізуші жол ақысын жинау үшін тек қана алдыңғы есікті ашты, мұнда бір реттік билет туралы сөз қозғаудың өзі артық.
Басқа автобустың кондукторларының ішінде билет бермейтіндері де кездеседі. «Қайтар жоода №102 экспресс бағдардағы 651 нөмірлі автобусқа отырдым. Тағы да кондуктор арнайы киімді кимеген, жолақыға ақша алғанымен «билет жоқ деп» оны бермеді. Автобустың іші лас, шаңды болды. Неліктен соңғы аялдамаға барғанда еденді сүртіп алуға болмайды. Сонымен қатар жолақы қымбат - 150 теңге. Басында бұл автобустармен жүру жайлы еді», - деп жазады Фейсбукте Ақмарал Өмірәлинова.
Аялдамаларға орнатылған автоматтардан көлік картасын сатып алу және оны толтыру туралы жергілікті тұрғындардың көбі хабарсыз. Жаңа аппарат қызығушылық тудырғанмен, тұрғындар оның батырмаларын басып қана қойып қоғамдық көлікті бұрынғыша пайдалануда.
Елорда әкімдігінің келтірген мәліметі бойынша қала қоғамдық көліктері күн сайын 875 мың жолаушы тасымалдайды. Қалада 850 бағдарлық автобус қатынайды.