Министрден «Іле-Балқаш» резерватына жолбарыстардың жіберілуі осы аумақта бұрыннан мекендейтін жыртқыштарға қалай әсер ететіні сұралды.
Оның айтуынша, жолбарыстар табиғаттағы қоректік тізбектің ең жоғарғы сатысында тұрады және өздігінен аң аулауға бейімделуі керек.
— Олар өздері аң аулауы керек. Оның ішінде қасқыр болуы мүмкін, құлан болуы мүмкін. Қазір табиғат өзін-өзі реттейді. Ал жолбарыс қоректік тізбектің ең жоғарғы деңгейінде тұрады, — деді Әлібек Қуантыров.
Жолбарыс — ірі жыртқыш. Ол табиғи ортада әртүрлі жабайы жануарлармен қоректенеді. Сондықтан оның тарихи мекеніне қайта оралуы жергілікті жануарлар дүниесіндегі табиғи байланыстардың қалпына келуіне ықпал етуі мүмкін.
Қазақстанда жолбарыстарды қайта жерсіндіру бағдарламасының негізгі мақсаттарының бірі — жыртқыштардың адамның көмегінсіз тіршілік етіп, табиғи ортада қорек табуына жағдай жасау.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанға әкелінген алғашқы жолбарыстың табиғи ортаға бейімделіп, өздігінен аң аулай бастағаны хабарланған болатын.