Қазақстанға әкелінген алғашқы жолбарыс өз бетінше аң аулап жүр
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда жолбарыстарды қайта жерсіндіру бағдарламасы аясында табиғатқа жіберілген алғашқы жолбарыс жаңа мекеніне бейімделді. Үміт атты ұрғашы жолбарыс қазір өз бетінше аң аулап, қорегін тауып жүр.
Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров «Тұран жолбарысын жаңғырту: мемлекет пен бизнестің биоалуантүрлілікті сақтау жолындағы қызметі» атты баспасөз мәжілісінде айтты.
Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, Үміт «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватының аумағында тіршілік етіп жатыр. Ол жабайы қабандарды аулап, өз бетінше қоректенуде қиындық көрмейді.
— Жолбарыстардың табиғатта өз бетінше тіршілік етуі үшін жабайы тұяқты жануарлардың жеткілікті болуы өте маңызды. Осы мақсатта резерват аумағына 200-ден астам Бұқар бұғысы мен 140 құлан қоныстандырылды. Жолбарыстардың қоректік қорын көбейтуге бағытталған жұмыстар тұрақты жүргізіліп келеді. Үміт есімді ұрғашы жолбарыс өз бетінше аң аулап, мекендейтін аумағын белгілеп үлгерді. Бұл кейін оның жанына аталық жолбарысты жіберуге мүмкіндік берді, — деді Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров.
Еске салайық, Үміт биыл 31 шілдеде табиғи ортаға жіберілген болатын. Мамандар оның жаңа мекеніне қалай бейімделіп жатқанын бақылап отыр.
Айта кетейік, 31 қазанда осы резерватқа Амур атты екінші жолбарыс жіберілді. Төрт жастағы аталық жолбарыс табиғатқа шығарылар алдында арнайы тексеруден өтті.
Қазақстанда жолбарыстар 70 жылдан астам уақыт бойы жабайы табиғатта кездеспеген. Оларды қайта жерсіндіру бағдарламасы кемінде 35 жылға жоспарланған.