Жолбарыстардың өздігінен көбеюі үшін олардың саны 50-ге жетуі керек

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда жолбарыстардың адамның араласуынсыз өздігінен көбейіп, тұрақты популяция қалыптастыруы үшін олардың саны шамамен 50-ге жетуі қажет. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров айтты.

Фото: Видеодан алынған скрин

Министрдің айтуынша, жолбарыстарды Қазақстан табиғатына қайта жерсіндіру бағдарламасы бірнеше кезеңнен тұрады. Алғашқы кезеңде жыртқыштарды жабайы табиғатқа жіберу көзделсе, келесі мақсат — олардың табиғи жолмен көбеюіне жағдай жасау.

— Біздің жоспарымыз бойынша 2033 жылға дейін жабайы табиғатқа шамамен 10 немесе одан да көп жолбарыс жіберіледі. Бірақ бұл көрсеткіш бағдарламаның нәтижесіне қарай өзгеруі мүмкін. Ал жолбарыстардың адамның араласуынсыз табиғи ортада өздігінен көбеюі үшін олардың саны шамамен 50-ге жетуі керек. Біз осыған ұмтыламыз, — деді Әлібек Қуантыров.

Оның сөзінше, алдағы уақытта Қазақстан Ресейдегі серіктестерімен бірлескен жұмысты жалғастыруды жоспарлап отыр. Сонымен қатар елімізде бұрыннан арнайы қоршауда ұсталып отырған жолбарыстар да бар.

— Бізде зообақтардан бұрын әкелінген жануарлар бар. Олар жабайы табиғатқа жіберілмейді. Бұл жолбарыстар бізге осында жаңа ұрпақ алу үшін қажет. Кейін олардың төлі табиғи ортаға жіберуге дайындалады, — деді министр.

Министр 2033 жылға дейінгі жоспардың бағдарламаның жүзеге асу барысына қарай қайта қаралуы мүмкін екенін атап өтті.

Айта кетейік, бұған дейін «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватына жіберілген екі жолбарыстың арақашықтығы қазір 20-25 шақырымды құрайтыны хабарланды.