Екі жолбарыстың арасы 25 шақырым: олар қашан кездеседі
АСТАНА. KAZINFORM — «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватына жіберілген екі жолбарыстың арақашықтығы қазір 20-25 шақырымды құрайды. Мамандар аталық және ұрғашы жолбарыстың алдағы уақытта бір-бірін табатынына сенімді. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров айтты.
Министрдің айтуынша, Қазақстанға әкелінген жолбарыстардың табиғатқа жіберілу реті кездейсоқ таңдалмаған. Алдымен ұрғашы жолбарыс босатылған. Өйткені оған жаңа ортаға бейімделіп, өз аумағын белгілеуге және көбеюге дайындалуға уақыт қажет.
— Қазіргі таңда екі жолбарыстың арасында 20-25 шақырым бар. Әрине, олар бір-бірін табады деп ойлаймыз. Біз ұрғашы жолбарысты бірінші жібердік. Себебі ол алдымен өз аумағын белгілеп, жаңа ортаға бейімделіп, көбеюге дайын болуы керек. Ол өз иісін қалдырады, кейін аталық жолбарыс оны табуы тиіс. Біз соған сенеміз, — деді Әлібек Қуантыров.
Дегенмен екі жыртқыштың нақты қашан кездесетіні әзірге белгісіз. Мамандар олардың жаңа ортаға бейімделуін және табиғаттағы қозғалысын бақылап отыр.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанға әкелінген алғашқы жолбарыс өз бетінше аң аулап жүргені хабарланды.