«Жолдағы қабылдау»: Полицейлер онлайн режимде тұрғындар өтінішін тыңдайды

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында дәстүрлі «Жолдағы қабылдау» акциясы жаңа форматта өз жұмысын бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл жолы облыс тұрғындарының акция өткізілетін орынға баруы міндетті емес. Олар үйде отырып Интернет желісі арқылы өз сұрақтарын қойып, оларға толыққанды жауап ала алады.

«Адамдардың көп жиналуын және вирустық экспансияны болдырмау мақсатында ҚР Ішкі істер министрлігі интернет байланысы арқылы акция өткізу туралы шешім қабылдады. Осыған байланысты, жұмысқа әлеуметтік желілердегі ведомстволық аккаунттарды қостық», - деді Алматы облысы ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы полиция полковнигі Дәулет Молдаханов.

Тікелей эфир мерзімі ыңғайлы прайм-таймдық уақытта және ол жайында жазылушыларға алдын ала хабарланады.

«17-18 сәуір аралығында бірнеше онлайн режиміндегі эфир жүргізіледі. Трансляциялар Инстаграм желісіндегі «police_almobl« жеке парақшасында өткізіледі. Барлық келіп түскен сауалдарға әкімшілік полиция, жергілікті полиция және көші-қон қызметінің басшылары жауап береді», - деп толықтырды полковник Молдаханов.

Акцияның өткізілу уақыты: 17.04.2020 ж. сағат 15:00-ден 16:00-ге дейін Талдықорған қаласының ПБ ӘПБ бастығы полиция подполковнигі Самат Азатұлы Есболовтың қатысуымен эфир өтті.18.04.2020 ж. сағат 10:00-ден 11:00-ге дейін Талдықорған қаласының ЖПҚБ бастығы полиция полковнигі Имандосов Батырхан Базарбайұлының қатысуымен тікелей эфир өткізіледі.