Жолдауда көтерілген мәселелердің білім беру жүйесі үшін маңызы ерекше - сарапшы

АСТАНА. KAZINFORM — Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің ассистент-профессоры Мейіргүл Жетпісбаева Президент Жолдауына қатысты пікірін бөлісті.

Фото: Мейіргүл Жетпісбаеваның жеке мұрағатынан

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің ұзақ мерзімді дамуына негіз болатын маңызды стратегиялық бағыттар айқындалды. Соның ішінде жасанды интеллект технологияларын дамыту, цифрлық экономиканы қалыптастыру және ғылым мен білімнің әлеуетін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды, – деді ол.

Сарапшының сөзінше, бүгінде жасанды интеллект әлемдік экономиканың, ғылым мен білімнің, мемлекеттік басқару мен қоғамдық қатынастардың сипатын түбегейлі өзгертіп жатыр. Сондықтан Қазақстанның осы технологиялық өзгерістерге бейімделуі ғана емес, жаңа мүмкіндіктерді тиімді пайдалана отырып, өзінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруы айрықша маңызды.

– Президент Жолдауында Қазақстанның жасанды интеллектіге негізделген цифрлық экономика құруы қажеттігін атап өтті. Бұл бастаманың маңызы технологиялық жаңғырумен ғана шектелмейді. Оның түпкі мақсаты – экономиканың өнімділігін арттыру, азаматтардың әлеуетін ашу, еңбек нарығында жаңа мүмкіндіктер қалыптастыру және халықтың өмір сүру сапасын жақсарту, – деп түсіндірді Мейіргүл Жетпісбаева.

Сонымен қатар, ол Мемлекет басшысының елімізде цифрлық инфрақұрылымды дамытудың алғашқы маңызды қадамдары жасалғаны жөніндегі сөзін еске салды. Суперкомпьютерлердің іске қосылуы, деректерді өңдеу орталықтарының салынуы және заманауи цифрлық жүйелердің дамуы Қазақстанның технологиялық әлеуетін күшейтуге бағытталған нақты жұмыстардың нәтижесі болып отыр.

Зерттеушінің пікірінше, технологиялық инфрақұрылымның қалыптасуы – үлкен жұмыстың бастауы ғана. Ендігі міндет – осы мүмкіндіктерді нақты экономикалық және әлеуметтік нәтижеге айналдыру. Бұл ретте ғылыми қауымдастық пен жоғары оқу орындарының жауапкершілігі арта түседі.

– Университет оқытушысы ретінде Жолдауда көтерілген мәселелердің білім беру жүйесі үшін маңызы ерекше деп есептеймін. Себебі жасанды интеллект дәуірінде мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігі, ең алдымен, адами капиталдың сапасына, ғылыми ізденістердің нәтижелілігіне және жаңа технологияларды меңгерген мамандардың кәсіби деңгейіне байланысты болады.Бүгінгі жоғары оқу орындарының міндеті – студенттерге тек теориялық білім беру емес, олардың цифрлық сауаттылығын арттыру, зерттеушілік қабілетін дамыту, сыни ойлау мәдениетін қалыптастыру және жасанды интеллект құралдарын тиімді пайдалануға үйрету. Осы тұрғыдан алғанда, жасанды интеллектіні білім беру үдерісіне жүйелі енгізудің маңызы зор. Заманауи технологиялар оқу материалдарын білім алушылардың жеке ерекшеліктеріне бейімдеуге, күрделі ақпаратты талдауға, ғылыми зерттеулер жүргізуге және оқытудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді, – деді ол.

Мейіргүл Жетпісбаева мәселенің екінші қырына да тоқталды. Жасанды интеллектіні қолдану білім алушының өз бетінше ойлау, іздену және шешім қабылдау қабілетін әлсіретпеуге тиіс. Керісінше, жаңа технологиялар адамның интеллектуалдық мүмкіндіктерін кеңейтетін құралға айналуы қажет. Сондықтан жоғары білім беру жүйесінде академиялық адалдық, ақпараттық қауіпсіздік, дербес деректерді қорғау және жасанды интеллектіні жауапкершілікпен пайдалану мәдениетін қалыптастыру маңызды.

Оның пайымынша, тағы бір өзекті мәселе – отандық ғылымның жасанды интеллект технологияларын дамытуға қосатын үлесі. Қазақстан дайын технологияларды тұтынумен шектелмей, өз ғылыми шешімдерін әзірлеу, ұлттық цифрлық өнімдерді қалыптастыру және ғылыми жаңалықтарды өндіріске енгізуі қажет.

– Бұл бағытта университеттер, ғылыми-зерттеу орталықтары мен өндіріс орындары арасындағы ынтымақтастықты нығайту қажет. Әсіресе, қазақ тіліндегі жасанды интеллект жүйелерін жетілдіру, ұлттық ақпараттық ресурстарды цифрландыру және отандық ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру жұмыстары жаңа мүмкіндіктерге жол ашады, – деді ҚазҰУ-дың ассистент-профессоры.

Айта кетейік, бұған дейін Президент Жолдауынан кейін Құрылтай депутаты Серік Егізбаев ауыл шаруашылығы саласында айтылған түйткілдерге қатысты ой-пікірін бөліскенін жазғанбыз.