Депутат ауыл шаруашылығы техникаларының бағасын төмендету мәселесін көтерді
АСТАНА. KAZINFORM — Президент Жолдауынан кейін Құрылтай депутаты Серік Егізбаев ауыл шаруашылығы саласында айтылған түйткілдерге қатысты ой-пікірін бөлісті.
Еске салайық, бүгін Мемлекет басшысы Жолдауында отандық тракторлар мен комбайндардың санын көбейту қажеттігін мәлімдеген еді.
Құрылтай депутаты Серік Егізбаев бізге берген сұхбатында бұл мәселенің өзектілігіне тоқталды.
— Президент бұл түйткілді алдыңғы жолдауларында да айтты. Бірнеше жыл бұрын ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту көлемі жылына 5-6%-дан аспайтын. Заманауи техника болмаса, қазір ауыл шаруашылығында көп өнім ала алмайсыз. Сондықтан Президент екі жыл бұрын жыл сайын техникалардың 10%-ын жаңартып отыруды тапсырған. Бірақ мұның да бірнеше жолы бар. Техниканы шетелдерден әкелуге немесе өзімізде өндіруге болады. Өндірістік саясаттан мысал келтірсек, Қостанайдағы «АгромашХолдинг KZ» АҚ-ны атар едік, — деді ол.
Депутаттың сөзінше, бұл кәсіпорын заманауи технологиялар негізінде түрлі техникаларды, соның ішінде негізінен тракторлар мен комбайндар шығарады.
— Екінші мәселе — аталған өнімдердің бағасы қолжетімді болуы керек. Қымбат бағаға байланысты бізге фермерлерден шағым көп түседі. Президенттің Үкімет осыған назар аударсын деген тапсырмасы болса керек, — деді Серік Егізбаев.
Айта кетейік, бұған дейін Президент ауыл шаруашылығы инфрақұрылымын дамыту ісіне де баса мән беру керек екенін мәлімдеді.