ЖОО-ларды қысқарту кезінде қарсылық танытатындар бар - Б. Жұмағұлов

АСТАНА. 23 тамыз. ҚазАқпарат - Біз сапасыз білім беретін жоғары оқу орындарын қысқарту жұмысын жалғастыратын боламыз. Бұл туралы бүгін Тамыз конференциясының пленарлық мәжілісінде ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов мәлім етті.

«Шыны керек, қазір бұл жұмысқа қарсылық танытатындар бар. Алайда біз бәріміз (педагогтар - авт.) бірігіп, осы ісімізді жалғастыруымыз қажет. Әрбір ата-ана сапасыз білім беретін оқу орындар туралы білуі тиіс. Осы орайда университеттердің рейтингісін де халық арасында кеңінен тарату маңызды», - дейді Б. Жұмағұлов. Сондай-ақ сырттай білім беру мәселесіне де баса назар аударған жөн. Себебі қазір елімізде университет түлектерінің басым бөлігі оқуды сырттай бөлімде бітіріп шыққан. Министрлік бұл мәселені де ерекше бақылауда ұстауға мүдделі.