Жошы және оның ханымдары: Тарихи деректер

Фото: Коллаж: Kazinform/DALL-E

АСТАНА. KAZINFORM – Жошы хан ұлан-ғайыр жерге билік жүргізіп, хандар әулеті, оның ішінде Қазақ хандығы билеушілерінің негізін қалаған. Алайда, оның жеке өміріне қатысты мәлімет аз. Айталық, оған жар қалай таңдалды және сүйікті әйелі кім болды? Жошы ұлысын зерттеу ғылыми институтының директоры, PhD докторы Жақсылық Сәбитов айтып берді.

— Жошының жеке өміріне қатысты қандай жайттар мәлім?

— Жошының жеке өмірі жайлы айтқан кезде оның өте мардымсыз зерделенгенін атап өткен жөн. Жошы жайлы кітаптар болғанымен, оның отбасы, балалары мен әйелдері жайлы көлемді мақалалар мүлдем жоқ. Жошының Ұлыс иесі деген лақап аты болғаны белгілі.

Егер Жошының отбасы жайлы сөз қозғар болсақ, онда оның баласы өте көп болғанын айта кету керек. Дереккөздерде кемінде 40 ұлы болғаны айтылады. Ал бізге шамамен 20 ұлының есімі белгілі.

Әйелдері мен күңдеріне келсек, онда оған бала туып берген, негізінен ұлдарды дүниеге әкелген 9 әйелі мен күңінің есімі мәлім.

— Олардың ішінен Жошының негізгі әйелі деп қайсысын бөле-жара қарауға болады?

— Егер маңызды әрі басты әйелдері жайлы айтар болсақ, онда 4 жарын бөліп атап өтуге болады. Бірінші әйелі Керейіт руынан шыққан. Жазбалардың бірінде оны Нектұтмыш (Нектұмыш), ал енді бірінде Бектұтмыш деп атайды. Екінші жазылуы біршама дұрыс сияқты. Ол ең беделді әйелдердің бірі болды. Шартты түрде мұны әулеттік неке десек те артық емес. Өйткені, ол керейіттердің билеушісі Ван-ханның жиені еді.

Мұнан бөлек, Жошының Қоңырат руынан екі әйелі болған. Бірінің аты — Сартақ. Ол — Жошының үлкен ұлы Орда-Ееженің шешесі.

Қоңырат руынан алған екінші әйелі — Үкі-ханым Батудың анасы. Үкі-ханым Жошының шешесі Бөрте-ханымның туысы болып келеді.

Жошының маңызы зор әйелдерінің бірі — Хан-сұлтан (Сұлтан-қатын). Хан-сұлтан — өте танымал тұлға, ол Мұхаммед Хорезмшахтың қызы, Теркен-қатынның немересі. Онда оғыз билеушілері мен қыпшақ хандарының қаны бар. Нақтырақ айтқанда, әкесі жағынан ол — Хорезм билеушілерінің, оғыз хандарының ұрпағы, әжесі жағынан — ол қыпшақ хандарының ұрпағы. Мұнан бөлек, ол соңғы Батыс қарахан қағандығының билеушісі Осман-ханның (1201-1212) әйелі болған. 1210 жылы ол Хан-сұлтанды әйелдікке алған. Осман-хан көтерілісі басып-жаншылғаннан кейін Мұхаммед Хорезмшахтың бұйрығымен хан өлім жазасына кесілген. Мұнан соң Жошы Хорезмшах жерін жаулап алғаннан кейін Хан-сұлтан тұтқынға түсіп, кейінірек билеушінің әйелі болған. Сірә, олардың арасында нағыз сүйіспеншілік болған сияқты. Себебі, Хан-сұлтан Жошыға үш ұл туып берген. Ал билеушінің басқа әйелдерінен бір, ары кеткенде екі ұлдан ұрпақ сүйген.

Керейіт руынан шыққан Бектұтмыштан тіпті ұрпағы да жоқ. Сартақтан тек Орда-Ежен ғана бар. Ал Үкі-ханым Батуды ғана (кейбір қолжазбаларда оның Батудан бөлек Мұхаммедті дүниеге әкелгені айтылады) туған.

Айта кетерлігі, Хан-сұлтан Жошыға үш ұл туып берді: Берке, Беркешар және Бора. Берке Жошы ұлысы билеушілерінің бірі болды. Ол билікке қиын-қыстау кезеңде келіп, Жошы ұлысының Моңғол империясынан тәуелсіздігін сақтап қала алды. Берке өмірден озғаннан кейін Беркешар Батудың немересі Алтын орда ханы Меңгу-Темір ханға қызмет етті. Ол Жошы ұлысы шекарасының шығыс бөлігіне жауап беріп, 50 мыңдық әскерге басшылық жасады, сол қанаттың әскери қолбасшысы болды. Беркешар 1269 жылы Талас құрылтайына хан атынан қатысты. Ал Бора жайлы деректер өте мардымыз.

Коллаж: Kazinform/DALL-E

— Жошының жеке тұлғасы жайында не айтар едіңіз?

— Егер оның өмірі, тұлғасы жайлы айтар болсақ, онда Шыңғыс ханға қарағанда Жошы барынша бейбітшілікті сүйгіш адам болғанын атап өткен орынды. Оның басты ермегі аңшылық болды, саят құрғанды өте жақсы көрді. Мұны биыл дүниеге келгеніне 800 жыл болатын даңқты «Ақсақ құлан» күйі де дәлелдей түседі. Күй Жошы өлгеннен кейін, шамамен 800 жыл бұрын, 1225 жылы жазылған.

Адамның басты мақсаты — көрген зәбіріңе кек қайтару деп санаған Шыңғыс ханнан Жошының айырмашылығы өте үлкен. Жошы мен Шыңғыс ханның арасындағы негізі қарама-қайшылық та осыдан туындады десек артық айтқандық емес. Шыңғыс хан Жошыға Батыс жұртын жаулап алуды тапсырды. Ал Жошы бұл елді жаулап алуға аса ұмтыла қойған жоқ.

Сонымен қатар Жошы мейірімді болған. Айталық, Шыңғыс хан барлық меркітті жазалау қажет деп санаса, Жошы меркіттің бір садақшысының өмірін сақтап қалуға тырысқан. Ол Шыңғыс ханға оның тамаша садақшы әрі ержүрек жауынгер екендігін айтып, өлім жазасына кеспеуді өтінген. Алайда, Шыңғыс хан оның сөзіне құлақ аспай, меркітті өлтіруге бұйырған.

Мұнан бөлек, олардың жаулап алған халықтарға қарым-қатынасында да айырмашылық бар. Кейбір дереккөздер Жошының Дешті-Қыпшақтың жергілікті тұрғындарына оң қарап, әкесінің жауларына шамадан тыс қатыгездік танытуын артық деп санаған. Олардың өмірінің соңында қандайда бір дүрдараз қарым-қатынас болуы да ықтимал. Жошы Дешті-Қыпшаққа қоныс аударғаннан кейін ол шақырылған құрылтайларға баруын қояды. Сондықтан Жошының туыстарының бірінің қолынан зорлық-зомбылықпен қазаға ұшырауы туралы нұсқа да бар.

— Жошының тағы қай ұлын атап өтуге болар еді?

— Жошының ұлдарының ішінен қазақ хандығының бабасы болған Тұқа-Темірді бөле-жара айтуға болады. Ол Қырымға билігін жүргізіп, Ұлағшы қайтыс болғаннан кейінгі және Берке билікке келгенге дейінгі дәуірде өзінің монеталарын соққан.

Тұқа-Темірден кейін Қырымды Ұран-Темір биледі, ол да — қазақ хандарының арғы атасы. Олар кейінірек Еділ маңына, ал одан соң Жетісуға қоныстанған. Тұқа-Темірдің ұрпағы — Орыс-хан Жетісуда хан болды. Ол — Жәнібек пен Керейдің арғы аталары еді.

— Сіз Жошының 1225 жылы өмірден озғанын еске салдыңыз. Ал тарих оқулықтарында Жошының 1227 жылы өлгені айтады. Не өзгерді?

— Шынымен де, бұрындары Жошы 1227 жылы өмірден озды деп саналған еді. Қазіргі уақытта тарихшы мамандар жаңа деректерді саралай келе, ол 1225 жылы қайтыс болды деген қорытынды жасап отыр. Бастапқы дереккөздерде нақты дата да ескертілген. Сол себепті 1227 жыл делінген дата сәл дұрыс емес.

— Көшпенді қоғамда әйелдер қандай мәртебеге ие болды. Оларға біздің ата-бабаларымыз қандай рөл жүктеген?

— Шындығында көшпелі қоғамдағы әйел мәртебесі барынша жоғары болды. Ол әдетте ойлап жүргендей қажыған, гаремде отыратын шығыс әйелі болған жоқ. Мұндай болған емес. Әйел ерінің серіктесі әрі көмекшісі болды, өзі де басшылық жасай алды.

Еске салсақ, жуырда Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» студиясының павильондарында «The Golden Empire» деген жұмыс атауымен белгілі халықаралық тарихи сериал түсіріле бастады.

Түркиялық кинокомпания Жошы хан туралы сериалды тек қана Қазақстанда түсіретіні хабарланған болатын.

Айта кетсек, Түркістан сазды драма театрының репертуарындағы «Бөрте» қойылымы көпшілік арасында үлкен сұранысқа ие. Қойылымда Шыңғыс хан мен Бөртенің бала кезінде танысуы, шаңырақ көтеруі және сол кездегі ұлы тарихи оқиғалар сипатталады. Ал, Жошы рөлі екі-үш жерде кездеседі. Дегенмен, қойылым барысында Бөртенің тұңғыш ұлы туралы ақпараттар тұрақты беріліп тұрады.