Жоспардан тыс тексереміз: Оралда мектеп-балабақша басшыларына ҰҚК атынан жалған хабарлама келген
ОРАЛ. KAZINFORM – Орал қаласында мектептер директорлары мен балабақша меңгерушілеріне жалған ақпарат тарады.
Фото: Pexels
Белгісіз біреулер WhatsApp мессенджері арқылы Орал қаласы әкімінің, сондай-ақ білім бөлімі басшыларының атынан ҰҚК-ның хабарламасы делінген хатты жіберген.
Онда Орал қаласы білім бөлімінде тексеру жүргізіліп, қылмыстық іс қозғалғаны айтылған.
Орал қаласы білім беру бөлімінің баспасөз хатшысы Эльмира Нұғманова мұндай жағдайдың орын алғанын растады.
«Бастапқыда осындай хабарлама білім бөлімі басшысының, содан кейін орынбасарының атынан кеткен. Сосын Орал қаласы әкімінің де атынан барған. Сол бойда мектеп директорлары мен балабақша меңгерушілеріне бұл ақпаратты алаяқтардың таратып отырғаны айтылды. Өйткені көрсетілген нөмірлер ол кісілердің атына тіркелмеген. Сондықтан оларға жауап бермей, бұғаттап тастау керектігі ескертілді. Сонымен қатар ҰҚК департаментіне де хабарлама жасалды»,-деді Э.Нұғманова.
Фото әлеуметтік желіден
Еске сала кетейік, бұдан бұрын алаяқтар БҚО әкімінің атынан жалған хабарлама таратқанын жазған болатынбыз.
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).