Ақтөбе облысы әлі де «жасыл» аймақта. Өткен тәулікте өңірде 6 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Вирус жұқтырғандардың төртеуі Ақтөбе қаласының тұрғыны болса, өзгесі Мәртөк ауданының Жайсаң шекара бекетінде тіркелді. Екі адам да Ресейден келген еліміздің оңтүстік өңірінің тумасы.
«Ақтөбе облысы бойынша коронавирус инфекциясының 12ошағы бар. Негізі соңғы екі аптада өңірде індетке шалдыққандар саны азайып келеді. Бұл жақсы көрсеткіш. Алайда адамдар жөтеліп, дене қызуы көтерілген кезде өздері дәрі алып, өздері ем жүргізеді. Сөйтіп пневмонияға шалдығып жатыр. Бұл дұрыс емес. Бірден учаскелік дәрігерге хабарласып, шұғыл болса жедел жәрдем шақырған жөн», - деді Ақтөбе облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхтар Сербаев.
Қазір Ақтөбе облысы бойныша коронавирус инфекциясына шалдыққан 112 адам дәрігерлердің бақылауында. Олардың 27-і инфекциялық ауруханада ем қабылдап жатыр.
«Облыста 48 науқас пневмониядан ем қабылдап жатыр. Оның 38-і Ақтөбе қаласында. Барлығы 9 науқас жансақтау бөлімінде болса, оның біреуі өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Қазіргі кезде облыс бойынша үш карантиндік стационар бар. Онда 47 адам жатыр», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров.
Айта кетейік, Ақтөбе облысы бойынша 5 ПТР зертхана бар. Онда 230 мыңнан астам сынама алынды.