Жойқын құйынның кесірінен Ресейде мыңдаған тұрғын жарықсыз қалды

МӘСКЕУ. KAZINFORM — Свердлов облысының Кушва қаласында 22 маусым күні өңірге соққан жойқын құйынның салдары жойылып жатыр. Қираған нысандардың видеосы әлеуметтік желілерде жарияланды, деп хабарлайды агенттік тілшісі ресейлік БАҚ-қа сілтеме жасап.

Фото: ТАСС

Кушва қаласы табиғи апаттың дәл ортасында қалған. Қатты жел тұрғын үйлердің шатырларын ұшырып, көліктерді зақымдаған, көптеген ағаштарды тамырымен жұлып немесе сындырған.
Соңғы мәлімет бойынша, шамамен 5 мың адам әлі күнге дейін электр жарығынсыз отыр. 100-ден астам тұрғын үй жөндеуді қажет етеді. Зардап шеккендер саны 16 адамға дейін өскен.
Құйын Верхняя Тура және Новая Ляля қалаларының бір бөлігін де қамтыған. Жергілікті Telegram-арналардың хабарлауынша, қолайсыз ауа райы ондаған үй мен автокөлікке зақым келтірген.

Табиғи апат салдарынан 4 мыңнан астам үй жарықсыз қалған. Шамамен 40 шатыр бүлініп, 25 ағаш құлаған, сондай-ақ электр беру желілерінің тоғыз тірегі зақымданған.

Сонымен қатар торнадоның Нижний Тагил қаласына дейін жеткені хабарланып отыр.
Қазіргі уақытта мамандар бүлінген инфрақұрылымды қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуде.
Ресейлік БАҚ-қа берген сұхбатында синоптик Константин Грибанов Кушвада байқалғандай құйындар климаттың өзгеруіне байланысты Орал өңірінде жиілеуі мүмкін екенін айтты. Оның сөзінше, жаһандық жылыну салдарынан мұндай табиғи құбылыстар бұрын сирек кездесетін аумақтарда да пайда болуы ықтимал.

Бұған дейін Челябі облысында куәгерлер Верхнеуральск қаласына жақын маңда болған қуатты торнадоны видеоға түсірген болатын. Бұл өңірдегі алғашқы жағдай емес. Мәселен, 2024 жылы құйын электр беру желілерінің 10-нан астам тірегін құлатып, бірқатар елді мекенді жарықсыз қалдырған.

Оқиғаға байланысты Мәскеу физика-техникалық институтының Қоршаған орта мен экологияны мониторингтеу ғылыми-техникалық орталығының атқарушы директоры Александр Родин алдағы онжылдықтарда экстремалды ауа райы құбылыстары жиілей түсуі мүмкін екенін мәлімдеді.

Оның айтуынша, болашақта Мәскеу қаласына да күшті дауыл келуі ықтимал. Сарапшы мұндай үрдісті жаһандық климаттық өзгерістермен қатар ірі мегаполистердің даму ерекшеліктерімен байланыстырады.