ЖСДП Құрылтайға кіретін 8 депутаттың есімін атады

АСТАНА. KAZINFORM — Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП) Құрылтайдың жаңа құрамында жұмыс істейтін сегіз өкілінің тізімін жариялады.

Фото: ЖСДП әлеуметтік желісінен алынды

Партияның баспасөз қызметінің хабарлауынша, ЖСДП Саяси кеңесі Президиумының отырысында партия атынан Құрылтайға кіретін кандидаттардың тізімі бірауыздан қолдау тапты.

ЖСДП атынан Құрылтай құрамына сегіз кандидат кіреді:

1. Асхат Рақымжанов — ЖСДП төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісінің VIII шақырылым депутаты, Социалистік интернационал халықаралық ұйымының вице-президенті;
2. Мақсұт Насибұлов — ЖСДП Орталық аппаратының басшысы;
3. Нұрайнаш Қамалова — ЖСДП Атырау облыстық филиалының төрағасы;
4. Лариса Ли — «PANA» жобасының жетекшісі;
5. Аслан Құлмағамбетов — ЖСДП Астана қалалық филиалының экологиялық саясат мәселелері жөніндегі сарапшысы;
6. Арман Ақылбай — ҚР Әділет министрлігі Персоналмен жұмыс департаментінің директоры;
7. Наурыз Сайлаубай — ЖСДП Жастар қанатының жетекшісі, ҚР Парламенті Мәжілісінің VIII шақырылым депутаты;
8. Ажар Сағандықова — ҚР Парламенті Мәжілісінің VIII шақырылым депутаты, ЖСДП Әйелдер қанатының жетекшісі.

— ЖСДП өз сайлаушыларына білдірген сенімі үшін алғыс айтады. Партия Қазақстан азаматтарының мүдделерін Құрылтайда одан әрі қорғауға және әлеуметтік-демократиялық бағыттағы бастамаларын іске асыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізуге дайын, — делінген баспасөз хабарламасында.

Айта кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасы Құрылтайының бірінші шақырылымының алғашқы сессиясын шақыру туралы Жарлыққа қол қойған еді.

Құрылтайдың алғашқы сессиясы 2026 жылғы 28 тамызда өтеді.

Еске салайық, 23 тамызда өткен Құрылтай депутаттарын сайлау қорытындысы бойынша бес саяси партия парламент құрамына өтті.

Қазақстан Халық партиясы мен «Байтақ» партиясы қажетті межеден өте алған жоқ.