НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ақмола облысы аумағында жүк пойызы темір жолда жайылып жүрген ондаған малды басып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оқиға «ОП-96-Жайнақ» темір жол өткелінде болған. Жүк пойызының машинисі темір жолда малдың жайылып жүргенін байқап, тежегішті шұғыл басқанымен, тоқтап үлгермейді. 22 қой-ешкі өлген, ал пойыз 22 минут тоқтап тұруға мәжбүр болған.
«Нұр-Сұлтан станциясы Желілік полиция басқармасының қызметкерлері үй жануарларының иесін анықтады. Ол елорданың 43 жастағы тұрғыны болып шықты. Мал иесіне ҚР ӘҚК 559-бабы 1-тармағымен темір жол аумағында мал жаю ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - деп мәлімдеді департаменттен.
Айта кетсек, жыл басынан бері Көліктегі полиция департаменті пойыздардың шұғыл тоқтауы бойынша 824 факті тіркеген, оның 534-і темір жолдарда малдың жүруіне байланысты болды. 351 мал иесіне әкімшілік шара қолданылды.
Гүлнұр Ғазизқызы
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің түлегі. Еңбек жолын «Қазақ әдебиеті», «Сақшы» газеттерінен бастаған. «Дала мен Қала» республикалық қоғамдық-саяси апталығында тілші, жауапты хатшы болып істеді. «Қазақстан-Ақтау» телеарнасының тілшісі, «Қазақстан» Ұлттық арнасының Маңғыстау облысындағы меншікті тілшісі, Маңғыстау облысы әкімі баспасөз қызметінің бас маманы, «Қазақстан» РТРК» АҚ Маңғыстау облыстық филиалы директорының орынбасары – бас редакторы болды.
Ақпарат саласының үздігі.
«ҚР Президенті телерадиокешенінде» 2022 жылғы 1 сәуірден бастап істейді. Kazinform халықаралық ақпарат агенттігі басқарушы директорының орынбасары – қазақ редакциясының бас редакторы.