— Мемлекет басшысы 2035 жылға қарай газдандыру деңгейін 80%-ға дейін жеткізуді тапсырды. Биыл бұл көрсеткіш 64,5%-ға жетуге тиіс. Энергетика министрлігіне «QazaqGaz» компаниясымен және өңір әкімдіктерімен бірлесіп, қолданыстағы инфрақұрылымды жаңғырту, магистральдық газ құбырларын уақтылы салу және газ саласындағы ірі жобаларды жүзеге асыру шараларын қабылдауды тапсырамын, — деді Олжас Бектенов.
Сонымен қатар Премьер-министр Көлік министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен және компаниялармен бірге жоспарланған инфрақұрылымдық жобалардың уақтылы аяқталуын қамтамасыз етіп, жүк және транзиттік тасымал көлемін арттыруды тапсырды.
— Бұдан бөлек, Көлік және Қаржы министрліктері мемлекеттік органдармен бірге жүктердің мемлекеттік шекара арқылы өту мерзімдерін қысқарту, әкімшілік кедергілерді жою және бірыңғай цифрлық ілеспе құжаттарды енгізу бағытында нақты шаралар қабылдауы керек. Қосымша жүк айналымын қамтамасыз етіп, логистика орталықтарын дамытуға және қолданыстағы көлік дәліздерінің жүктемесін арттыруға ерекше назар аудару қажет, — деді Үкімет басшысы.
Бұған дейін Премьер-министр Үкіметтің басты міндеті инфляцияны 10%-дан төмен деңгейде ұстап тұру екенін айтқан болатын.