Елімізде жұмыртқа өндірісінің артуы бағаға қалай әсер етеді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан тауық жұмыртқасымен өзін-өзі қамтамасыз етеді. Бірақ өнімге деген сұраныс жыл мезгілі мен аймаққа байланысты өзгеріп отырады. Құс фабрикасының директоры Ерхат Тәженов Jibek Joly телеарнасының «Бүгін.LIVE» бағдарламасында қыста сұраныстың неліктен артатыны және өндірістің артуы бағаға қалай әсер ететіні туралы айтты.

Фото: АШМ

Тәженовтің айтуынша, жұмыртқа нарығы көбінесе маусымдық ауытқуларға тәуелді. Тұтыну көлемі жазда азаяды, ал қыста артады. Бұл жағдай аймаққа байланысты өзгеруі мүмкін.

– Жалпы алғанда, Қазақстанда отандық жұмыртқа жеткілікті. Өткен жылы 4,5 миллиард жұмыртқа өндірдік. Бұл – елдегі барлық құс фабрикаларының өнімі. 100% жеткілікті түрде қамтамасыз етілді. Дегенмен қыста сұраныс күрт артып, жазда төмендейтін кездер болады, - деп түсіндірді ол.

Компания директоры өндіріс көлемі аймақтар бойынша біркелкі емес екенін атап өтті. Ол мысал ретінде Ақмола облысын келтірді. Онда бес құс фабрикасы жұмыс істейді, олар жұмыртқаның айтарлықтай көлемін өндіреді.

Тәженов баға мәселесіне де тоқталды. Оның пікірінше, өндіріс көлемінің артуы бәсекелестікті күшейтеді және жұмыртқа бағасына оң әсер етуі мүмкін. Дегенмен көп нәрсе кәсіпорындардың шығынына байланысты.

– Өндірістің артуы, ең алдымен, бәсекелестікті тудырады. Бұл әрқашан сапаға оң әсер етеді. Тиісінше, баға төмендеуі де мүмкін. Бірақ  шығындарымыздың негізгі бөлігі астық, яғни жем екенін есте ұстауымыз керек. Мұның бәрі астық нарығында белгіленген бағаға, сондай-ақ инфрақұрылымға, электр энергиясына және отын шығындарына байланысты болады, - деп атап өтті спикер.

Айта кетейік, Ресейден әкелінген 605 мың тауық жұмыртқасы кері қайтарылды.