Ресейден әкелінген 605 мың тауық жұмыртқасы кері қайтарылды

АСТАНА. KAZINFORM- – «Сырым» ветеринариялық бақылау бекетінде Ресейден Қазақстанға тасымалданған 605 мың дана тауық жұмыртқасының сыртқы қаптамасында таңбалау жапсырмалары жоқ екені анықталды. Осыған байланысты өнім тиелген екі жүк көлігі кері қайтарылып, жүргізушілерге айыппұл салынды.

жұмыртқа
Фото: ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, Самара облысынан Қызылорда облысына бағыт алған екі жүк көлігімен барлығы 605 мың дана тауық жұмыртқасы тасымалданған.

Ветеринариялық бақылау барысында өнімнің сыртқы қаптамасында таңбалау жапсырмаларының жоқтығы анықталды. Осыған байланысты екі көлік те кері қайтарылды. Жүргізушілерге қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 406-бабына сәйкес әкімшілік хаттамалар толтырылып, айыппұл салынды.

Жүк тасымалдаушыларға Қазақстан Республикасының және Еуразиялық экономикалық одақтың ветеринариялық-санитариялық талаптары түсіндірілді. Атап айтқанда, Кеден одағы комиссиясының 2010 жылғы 18 маусымдағы № 317 «Еуразиялық экономикалық одақта ветеринариялық-санитариялық шараларды қолдану туралы» шешімінің талаптары жеткізілді.

Жыл басынан бері өңірдегі ветеринариялық бақылау бекеттерінде барлығы 294 заңбұзушылық тіркелген. Бақылау іс-шараларының нәтижесінде 294 көлік кері қайтарылып, 147 тұлғаға қатысты әкімшілік шаралар қолданылған.

Ауыл шаруашылығы министрлігі сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар мен жүк тасымалдаушыларды Қазақстан Республикасы және Еуразиялық экономикалық одақ аумағында қолданыстағы ветеринариялық-санитариялық талаптарды қатаң сақтауға шақырды.

-Өнімнің тиісті таңбамен белгіленуі, ветеринариялық ілеспе құжаттардың дұрыс рәсімделуі және тасымалданатын тауардың белгіленген нормаларға сәйкестігі – мемлекеттік шекара арқылы заңды түрде өткізу мен елдің ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің міндетті шарттары,-деллінген хабаррламада.

Осыған дейін Ресейден жеткізілген 22 тонна бидай кебегі кері қайтарылған болатын.