Ресейден жеткізілген 22 тонна бидай кебегі кері қайтарылды
АСТАНА. KAZINFORM — Ветеринариялық бақылау бекеттерінде бидай кебегін тасымалдау кезінде заң бұзу анықталды.
Қазақстанда ветеринариялық бақылауға жататын жүктердің тасымалына бақылау күшейтілген режимде жалғасуда. «Сырым» және «Шаған» ветеринариялық бақылау бекеттерінде жүк көліктерін тексеру барысында екі дерек бойынша ветеринариялық-санитариялық талаптардың бұзылғаны анықталды.
— «Сырым» ветеринариялық бақылау бекеті инспекторлары Ресей Федерациясының Самара облысынан Түркістан облысының Бәйдібек ауданына 22 тонна бидай кебегін жеткізуге бара жатқан жүк көлігін тексерді.
Тексеру барысында, АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Батыс Қазақстан облыстық аумақтық инспекциясының қызметкерлері өңірдің фитосанитариялық инспекторларымен бірлесіп, үш бірдей заң бұзу анықтады, — делінген хабарламада.
Атап айтқанда, жүкке арналған ветеринариялық ілеспе құжаттар мен таңбалау болмаған. Сонымен қатар өнімді міндетті термиялық өңдеуден өткізу талабы да орындалмаған.
Нәтижесінде жүк кері қайтарылып, көлік жүргізушісіне қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзу туралы кодексінің 406-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынды.
«Шаған» ветеринариялық бақылау бекетінде де Атырау облысынан Ресей Федерациясының Уфа қаласына балық өнімдерін тасымалдаушы көлікті тексеру кезінде ветеринариялық ілеспе құжаттардың жоқтығы белгілі болды. Осыған байланысты көлік құралы да сол елге кері қайтарылды.
Тасымалдаушыларға Кеден одағы комиссиясының 2010 жылғы 18 маусымдағы № 317 «Еуразиялық экономикалық одақта ветеринариялық-санитариялық шараларды қолдану туралы» шешімінде көзделген міндетті ветеринариялық-санитариялық талаптар түсіндірілді.
Жыл басынан бері өңірдің ветеринариялық қызметі ветеринариялық-санитариялық талаптардың сақталмауына қатысты 290 дерек анықталып, 290 көліктің барлығы кері қайтарылды. Сондай-ақ 145 тұлғаға қатысты әкімшілік хаттама толтырылды.
Айта кетелік Астанада фитосанитариялық талаптарды бұза отырып әкелінген сәндік өсімдіктер жойылған еді.