Ведомствоның түсіндіруінше, жұмыс беруші қызметкерден еңбек тәртібін, ішкі тәртіп қағидаларын сақтауды және қызметтік міндеттерін тиісінше орындауды талап ете алады. Алайда тәртіп бұзғаны үшін ақшалай айыппұл салу еңбек заңнамасында көзделмеген.
Еңбек кодексінің 64-бабына сәйкес, қызметкер еңбек тәртібін бұзған жағдайда оған ескерту, сөгіс, қатаң сөгіс берілуі немесе заңда көзделген негіздер бойынша еңбек шарты бұзылуы мүмкін.
– Еңбек кодексінде және Қазақстан Республикасының заңдарында қарастырылмаған басқа тәртіптік жазаларды қолдануға жол берілмейді, – деп түсіндірді министрлік.
Мәселен, қызметкер жұмысқа 20 минут кешігіп келсе, жұмыс беруші оған өз бетінше 10 мың теңге айыппұл салып, бұл соманы жалақысынан ұстап қала алмайды.
Мұндай жағдайда жұмыс беруші заңды негіз болған кезде ғана белгіленген тәртіпке сәйкес тәртіптік жаза қолдана алады.
Сонымен қатар тәртіптік жаза тағайындар алдында қызметкерден жазбаша түсініктеме талап етілуі тиіс. Жаза түрін таңдағанда тәртіп бұзушылықтың сипаты, ауырлығы және оның қандай жағдайда жасалғаны ескеріледі.
Министрлік заңсыз ақшалай айыппұл мен заңда көзделген жалақыдан ұсталым жасаудың айырмашылығын да түсіндірді.
Еңбек кодексінің 115-бабында жалақыдан қандай жағдайларда ұсталым жасауға болатыны көрсетілген. Ал кейбір өзге жағдайларда қызметкердің жазбаша келісімі қажет.
Яғни жұмыс беруші еңбек тәртібін бұзғаны үшін көзделген жазаларды ақшалай айыппұлмен алмастыра алмайды.
Ведомство еңбек заңнамасын сақтау жұмыс берушілер үшін де, қызметкерлер үшін де міндетті екенін еске салды.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда жұмыс берушінің еңбек шартында көзделгенімен, қызметкерге заңда жоқ ақшалай айыппұл салуға құқығы жоқ екені түсіндірілген еді. Еңбек шартындағы мұндай талапқа қол қойған қызметкер де заңсыз ұсталған жалақысына қатысты дау айту құқығынан айырылмайды.