Жүрек ауруларын ерте анықтауға жасанды интеллект көмектеседі

АСТАНА. KAZINFORM — Жүрек-қан тамырлары аурулары Қазақстандағы өлім-жітімнің негізгі себептерінің бірі болып отыр. Дертті дер кезінде анықтау адам өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді. Енді бұл бағытта дәрігерлерге жасанды интеллект те көмектеседі.

Фото: Kazinform/ЖИ

2024 жылы елімізде қан айналымы жүйесі ауруларынан 30 мыңға жуық адам қайтыс болған. Ал әлемде жүрек-қан тамырлары аурулары жыл сайын 18 миллионға жуық адамның өмірін қияды.

Дегенмен Қазақстанда бұл дерттерді емдеу бағытында оң өзгерістер бар. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, соңғы бес жылда қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім 35 пайызға азайған. Ал 2025 жылы елімізде жүрекке 13 мыңнан астам ашық операция жасалған.

Енді отандық CerebraAI стартапы мен University Medical Center мамандары жүрек-қан тамырлары ауруларын ерте анықтауға арналған жасанды интеллект құралдарын сынақтан өткізіп жатыр. Сынақ сәтті аяқталса, 2027 жылы Астанада жобаның келесі кезеңі басталмақ.

Жаңа технологияның мүмкіндігі қандай? Жасанды интеллект ауруды қаншалықты дәл анықтай алады? Оны шалғай ауылдардағы дәрігерлер де пайдалана ала ма? Бұл туралы Jibek Joly телеарнасының «Бүгін.LIVE» бағдарламасында CerebraAI стартапының қоғаммен байланыс жөніндегі менеджері Әнуарбек Жәлел айтып берді.

Оның сөзінше, CerebraAI жобасы 2018 жылы Алматыда іске қослыған. Бастапқыда жасанды интеллект инсультке әкелетін ми қан тамырлары ауруларын анықтауға бағытталған. Қазір жүйе осы бағыттағы зерттеулерде 97-98 пайыз дәлдік көрсетіп, дәрігерлерге көмекші құрал ретінде қолданылып жүр.

Фото: видеодан алынған скрин

 

- CerebraAI — машиналық оқытуға негізделген технология. Ол дәрігерлерге адамның көзіне бірден көріне бермейтін өзгерістерді ерте анықтауға көмектеседі. Мысалы, ми қан тамырлары ауруларын анықтау үшін жүйе 100 мыңнан астам медициналық сурет негізінде үйретілген. Оны арнайы нейрорадиолог мамандар дайындаған», — деді Әнуарбек Жәлел.

Спикердің айтуынша, жүйе шалғай өңірлердегі дәрігерлерге де тәжірибелі мамандармен кеңесуге мүмкіндік береді. Олар пациенттің КТ немесе МРТ нәтижелерін жүйе арқылы жіберіп, Алматы мен Астанадағы профессорлардан кеңес ала алады. Осылайша, технология телемедицинаның дамуына да үлес қосып отыр.

- Қазір CerebraAI еліміздің бірқатар өңіріндегі инсульт орталықтарында қолданылып келеді. Енді стартап командасы технологияны кардиология және кардиохирургия саласына бейімдеуді қолға алған. Бұл бағытта University Medical Center мамандарымен, соның ішінде белгілі кардиохирург Юрий Пямен бірлесіп жұмыс істеп жатыр, - деді ол.

Әнуарбек Жәлел жасанды интеллект дәрігердің орнын алмастырмайтынын, тек оның жұмысын жеңілдететін көмекші құрал екенін атап өтті. Оның түсіндіруінше, CerebraAI генеративті жасанды интеллектке жатпайды. Жүйе өздігінен болжам жасап, жаңа ақпарат қоспайды. Ол алдын ала үйретілген модель бойынша медициналық суреттерді талдап, дәрігерге күмәнді аймақтарды көрсетеді.

- Мұны дәрігердің көру қабілетін жақсартатын көзілдірікпен салыстыруға болады. Жасанды интеллект талдау жасайды, ал соңғы шешімді дәрігер қабылдайды. Ол суреттен байқалмай қалуы мүмкін өзгерістерді, қан тамырларындағы ақауларды немесе басқа да күмәнді белгілерді анықтауға көмектеседі, — деді ол.

Ал пациенттердің жеке медициналық деректерінің қауіпсіздігіне қатысты спикер CerebraAI жүйесі ақпаратты өз серверінде сақтамайтынын айтты. Медициналық мәліметтер тиісті медициналық ұйымдардың серверлерінде қалады. Жобаға деректер берілген жағдайда науқастың аты-жөні мен жеке басын анықтайтын мәліметтер көрсетілмейді.

- Мысалы, науқастың толық аты-жөні жазылмайды, оның орнына AR01 сияқты арнайы код беріледі. Медициналық суретке белгілеу жасалғаннан кейін жасанды интеллект сол деректерді өңдеп, нәтижесін дәрігерге көрсетеді. Яғни адамның жеке мәліметтеріне қол жеткізу немесе оларды пайдалану пациенттің рұқсатынсыз жүзеге асырылмайды, — деді спикер.

Айта кетейік, жақында өкпе обырын жасанды интеллект арқылы анықтауға не кедергі екенін жазған едік.