Жүргізуші куәлігіне емтиханды жеке ұйымдар қабылдай ма? ІІМ жауап берді

АСТАНА. KAZINFORM — Әлеуметтік желілерде автомектептерді есепке алу және оқу топтарын тіркеу, сондай-ақ көлік құралдарын басқару құқығын алуға арналған емтихандарды қабылдау функциялары жеке ұйымдарға беріледі деген ақпарат таралып жатыр.

Фото: Kazinform / Freepik / Pixabay

Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығының (JAQ) ресми арнасының мәліметінше, бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейді.

— ҚР Ішкі істер министрлігінің Орталыққа берген ақпаратына сәйкес, көлік құралдарын басқару құқығын алуға арналған емтихандарды қабылдау функциясын жеке ұйымдарға беру мәселесі қарастырылмайды. Автомектептерді есепке алу және оқу топтарын тіркеу мемлекеттік функциялар болып қала береді. Қазақстан Республикасының «Жол жүрісі туралы» Заңының 77-бабына сәйкес аталған функциялар ІІМ балансындағы «Автомектеп» мемлекеттік ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылады, — делінген хабарламада.

Орталық азаматтарды ресми ақпаратты басшылыққа алуға және жұртшылықты жаңылыстыруы мүмкін расталмаған мәліметтерді таратпауға шақырады.

Айта кетейік, автомектеп жұмысына қатысты жаңа талаптар енгізілуі мүмкін. Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы жүргізушілерді даярлау сапасын арттырып, жол қауіпсіздігін күшейтуді көздейді. Kazinform тілшісі сарапшылармен бірге бастаманың қаншалықты тиімді болатынын талқылады.